Дәретханада дәріс оқып жатыр…

122

Дәретханадағы дәріс! Түркістан облысында мектеп оқушылары сыныпқа симаған соң, әжетханаларда оқуға мәжбүр. Келес ауданындағы Сұлтанбек Қожанов мектебі шенеуніктердің назарынан мүлдем тыс қалған. Себебі, тар мектептің парта, тақталарына дейін ескіріп, қирауға шақ тұр.

Оқу ғимаратын жөндеу, сырлау да мұғалімдердің мойнында екен. Ақжол ауылындағы ұстаздардың жанайқайына тұрғындар қосылып, қосымша ғимарат тауып беруін талап етті.

Ақжол ауылындағы 600 балаға арналған мектеп 45 жыл бұрын салынған. Әбден тозығы жеткен білім ошағында қазір мыңға жуық оқушы бар. Тығырықтан шығу үшін мұғалімдер кез-келген бұрышта сабақ оқытуға бейімделген. Тіпті ұстаздар бөлмесі мен бірде-бір орындығы жоқ акт залына дейін сыныпқа айналып кеткен.

Луиза Ақбай, Сұлтанбек Қожанов атындағы мектеп директорының орынбасары: «Кабинет қылып жасағанның салдарынан біздің мектебімізде зертхана жоқ және архив жоқ. Кітапхананың архиві жоқ. Сол кішігірім боп ашылған ненің бәрін кабинет қылып тастадық. Бізге әзірше қосымша ғимарат салып беріп, келешекте жаңа ғимарат салынса».

Ең сорақысы ескі ғимараттың жыртығын жамап, әктеп-сырлау да мұғалімдердің мойнында.

Бұл мектепте орын жетіспегендіктен мұғалімдер барынша амалдауға тырысады. Мысалы, мына кабинет бұрын дәретхана болған. Оқушыларға орын болмаған соң мұғалімдер еден төсеп, тақта іліп, парта мен орындықтар қойған. Және бұл мектепте әжетханадан сыныпқа айналған бір емес, үш кабинет бар.

Оқушысы сыймай жатқан мектептің парта мен тақтасын көруге көз ұялады. Тозығы жеткені соншалық қирауға шақ тұр. Бұл жағдай ата-аналардың да жанына батады.

Жұрт оқу ғимаратын кеңейтудің жолын да тауып қойған. Яғни, мектептің дәл алдында кезінде әскерилердің кеңсесі болған 5 жылдан бері бос тұрған қос қабатты ғимарат бар. Соны мектептің есебіне өткізіп беріңіз деп аудан әкіміне екі жылдан бері өтінумен келеді екен. Бірақ, әкім білімнен гөрі жекеменшікке өткізуге құмбыл дейді.

Гаухар Жораева, Ақжол ауылының тұрғыны: «Енді әкім айтады бұны пионер лагерьі деп ашамын дейді да бізге ұсыныс. Жеке лагерь бізге керек емес. Дәл қазір мектеп керек. Балалар білім алатын, ол шөкелеп отырған бала қандай білім алады? Қандай қазір күрделі бағдарламалар. Мұғалімнің қандай абыройы болады ол балаға кабинет тауып бере алмаса?».

Мектеп алдына жиналған жұрт әкім мен білім бөлімінің басшысын шақырған еді. Бірақ, орнына бөлім әдіскері ғана келді. Ата-аналар жетектегендей етіп мектептің жағдайын көрсетті. Бірақ, ауданнан келген ақжағалы бұл мектептің жағдайын біресе білеміз, біресе білмейміз деп әбден шатасты.

Насыр Сманов, Келес ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері: «Алдағы уақытта қалай келеді, партаны, орындықты жаңағы тақтаны балаларға арналған оның бәрін жеткізіп береміз. Мен енді нақты білмеймін қай уақытта келетінін. Бірақ, жұмыстар жүргізіліп жатыр деп жатыр ол жақта да…Көреміз, ақылдасамыз, мұның бәрін басшыларға айтып барам осындай жағдайлар деп».

Есік алдындағы қосымша ғимарат мектепке беріле ме, жоқ па әлде жаңа мектеп салына ма деген сауалдардың біріне жауап бере алмаған әдіскер басшыға айтам деп ауданға кетті. Ал, Келес өңірінде мәселе шешетін басшы жоқ деген жұрт жауаптыларды тексерсін деп прокуратураға арыз түсірмек.

Бек Әбиев