Ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері дабыл қағуда. «Дизельді отынның тапшылығынан сапарға шыға алмай жұмысымыз тоқтап қалды»,-дейді. «Жанар-жағармай» қауымдастығы қор ұстаушыларға өнімдер аз мөлшерде келуде.

Сұраныстың артуына байланысты бекеттерде дизельді отынның бағасын көтеруге мәжбүр. Бұл тек Түркістан облысы мен Шымкентте қалыптасқан жағдай емес, бүкіл Қазақстанда орын алып отыр. «Үкімет қолдау көрсетпесе, отбасыларымызды қалай асыраймыз»,- дейді көлік жүргізушілері

Дизель отындары таусылған ауыр көліктің жүргізушілері темір тұлпарларын жолдың бойында қалдыруға мәжбүр. Өздері отын іздеумен әлек. Жанар-жағармай бекеттерінде дизельді отын болмағандықтан тапсырыс ала алмай дал.
Батыр Шалабаев, Түркістан қаласының тұрғыны, жүргізуші: «Екі күн болды дизельді отын таппай сандалып жүрмін. Қайдан табатынымызды білмейміз. Жұмыс тоқтап қалды, барлығы қымбаттап жатыр. Соңғы рет литрін 220-250 теңгеден құйдырған едім».

Ал шымкенттік Александр Соско Ресейге сапарға шыға алмай, шаһарда тұралап қалды. Тиелген жеміс-жидек бұзылса, шығынға батамын деп ашынады.
Александр Соско, жүргізуші: «Бес тәулік  болды дизельді отын таппай жүрмін. Далбасалап әркімнен отын қайда барын сұрастырудамын. Бұл қалай өзі, ешкім қадағаламайды ма? Үкімет қайда қарап отыр. Жағдай реттелмесе, азық-түліктен бастап барлығына баға шарықтап кетеді ғой. Сонда не істейміз».

Жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров «дизельді отын қор ұстаушыларда бар, алайда жеткіліксіз мөлшерде. Сұраныс бар жерде бағаны нарықтың өзі реттейді»,- дейді.

Қайыпбек Қамбаров, Жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы: «Қалада тапшылық жоқ, қор ұстаушыларда бар. Бар жоғы 10 тонна алады, ол 5 тоннаға аз. Келесі партиясын алғанша,  бар өнімнің  бағасын  көтеруге мәжбүр».

Ия, шаһардағы жанармай бекеттерінің бірінде дизельді отын талонмен литрін 198 теңгеге алып жатқандар да бар.

Кенжебек Алтыбаев, жүргізуші: «Қымбат қой бағасы, олай көтеріле берсе, білмеймін қалай бала-шағамызды асырайтынымызды. Бағаны түсірсе болады ғой».

Бұл мәселені сәрсенбі күні жанармай бекеттерінің өкілдері баспасөз мәслихатында шешуді ұйғарыпты.

Шынар Оразова