Ет бағасы шарықтап тұр

111

Елімізде ет бағасы қымбаттап барады. Жыл басынан бері Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласындағы еттің құны басқа өңірлерге қарағанда 14% -ға көтерілген. Тізімді Түркістан облысы да толықтырып тұр. Шымкент базарларында 2 100 теңгеден сатылған сиыр еті бүгінде 2 500 теңгеден сатылып жатыр. Сондай-ақ, шошқа мен жылқы етінің бағасы да өскен. Ал қой етінің құны керісінше, біршама төмендеген. 

Соңғы уақытта сауда нүктелерінде ет бағасының көтерілуіне байланысты сөрелер босап, сатып алушылардың саны азайған. Бұл тек ағындағы айдың көрсеткіші. Негізінен, бағаның күрт көтерілуі сатушыларды да алаңдатып отыр.

Сузанна Әлиева, сатушы: «Қара кесек ет 3000-2900 теңгеден, ал бұрын ет бағасы 2500 тенге болған. Жылқы еті 2800 теңге, ал бұрын 2500-2600 теңгеден сатқанбыз. Бұл жағдайдың барлығы менің ойымша, шөптің жоқтығынан, яғни құрғақшылық салдарынан».

Ет бағасы шарықтап тұрғанда шошқа етінің құны тек 100 теңгеге ғана көтерілген, яғни бүгінгі бағасы 1800 теңгені құрайды. Ал бұрын ең жоғары бағаланған қой етінің құны төмендеп, 1 келісі 2400 теңгеден сатылуда.

Ғазиза Айдарбекова: «Жақсы қой еті көп, алайда сұраныстың жоқ болуы бағаның күрт төмендеуіне әкеліп отыр. Қазір қыркүйек айы болғандықтан шығар, мүмкін тұтынушылар оқушы балаларын мектепке дайындап жатыр. Сонымен қатар, қой етінің арзандауына коронавирустың әсері де болуы мүмкін».

Бағаның шарықтауына қарамастан әйдік асты тұтынуды тоқтатпаған тұрғындар да бар.

«Етті сатып алуды тоқтатпадым, дегенімен тағам дайындағанда етті аз мөлшерде қолданатын болдым. Бүгінде тек ет бағасы емес, барлығы қымбаттауда».

» Біз етсіз тамақ жемейміз»

Фермерлердің айтуынша мал азығының қымбаттауы да ет бағасының көтерілуіне әсерін тигізген. Биылғы жылы жем-шөптің бағасы 60-70 %-ға өсті, нақтырақ айтсақ, сабан 500%-ға қымбаттаса, ал шөптің бағасы 2 есе жоғарылаған. Салдарынан үстіміздегі жылы мал басының саны артқан жоқ. Ет бағасы, салық түсімімен қоса алғанда орта есеппен 1 келісі 2350 теңгеден болып тұр.

Фаррухжан Ирсалиев, «Ет Агро-Манкент» ӘҚҚ төрағасы: «Біз бұрын бұқаларды 200-250 мың теңгеден сатып алсақ, олардың азығына 150 мың теңге кететін. Ал қазір малды 250 мың теңгеден сатып аламыз, бірақ азығына 200-250 мың теңге жұмсаймыз. Пайда көрмей отырмыз. Мемлекеттен қолдау күтіп отырмыз, бірақ әлі жоқ, бүгінде жағдайымыз ақсап тұр».

Энерджипром сарапшыларының мәліметінше, ет еліміздің барлық аймақтарында қымбаттаған. Маңғыстау облысы мен Шымкент қалаларында — бірден 14% — ға, сондай-ақ Түркістан облысында 12,7%-ға өскен. Ал Шымкент қаласы әкімдігі бір жылдың ішінде еттің бағасы 14% — ға емес, 11% — ға көтерілгенін мәлімдеді. Олардың айтуынша бұл айтарлықтай жоғары баға емес.

Қайрат Базарбеков, Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы: «Біз кәсіпкерлермен 4,2 миллиард теңге көлемінде келісім-шарт жасастық. Қаланың үш сауда орындарында тауарлар, соның ішінде ет белгіленген шекті бағадан 10% төмен бағамен сатылады. Сонымен қатар, етті төмен бағамен сату туралы екі жергілікті ет өндірушілермен келісім жасалды».

Дегенімен өздеріңіз байқағандай ет бағасы күннен күнге өсіп келеді. Мамандардың болжамы бойынша, егер бұлай жалғаса берсе, алдағы уақытта етті дастарханнан тек мереке күндері ғана көретін боламыз.

                                                                                                    Айнұр Бекасанова