Қаржы министрінің шағын бизнесті тексеруге салынған тиымды алып тастау жайындағы ұсынысы қоғамда қызу талқыға түсуде.
Осыдан бірер күн алдын ғана қаржы министрі, бизнесті тексеруге енгізілген мораторийді тоқтату туралы ұсыныс тастаған болатын. Маңызды мәлімдеме, кәсіп иелерін бей-жай қалдырған жоқ. Пандемияның кезінде онсыз да қолдау сұрап тұрған кәсіпке, тексерістердің басталуы қосымша соққы болады. Сондықтан елдегі қиын жағдайларды ескеріп, Президенттің өзі жариялаған мораторийдің тоқтауына қарсымыз дейді, – кәсіп иелері.
Микро және шағын бизнеске енгізілген мораторийді алып тастау туралы ұсынысқа қатысты пікірін Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы білдірді.
Карантиндік шектеулер жағдайында шағын бизнес субъектілерін тексеруге енгізілген мораторийдің күшін жою кәсіпорындарды банкротқа әкеледі. Қазақстандық 7 қауымдастықтың басшысы бірігіп осындай мәлімдеме жасады. Олардың қатарында қоғамдық тамақтану, туризм, сұлулық салондары индустриясы және қонақ үй бизнесі қауымдастықтарының басшылары да бар.
Игорь Копайлов, мейрамхана-қонақ үйі бизнесі, кәсіпорындары ұлттық ассоциациясының президенті: «Қазіргі таңда короновирус, пандемия және шектеулерге байланысты Қазақстанда күрделі жағдай. Осы жағдайларды ескере отырып, шағын және орта бизнеске мораторийді созу қажет деп есептеймін. Қолдау болмаса, бизнес тығырықтан шыға алмайды».
Шағын бизнесті тексеруге мораторийді жою бәріне бірдей қосымша әкімшілік жүктеме түсіреді деген оймен келіспейтін кәсіпкерлер де бар.
Әрине, шешімді Үкімет қабылдайды. Оны кәсіпкерлер де жақсы түсінеді. Дегенмен, бизнес өкілдері маңызды шешім қабылданар тұста елдегі індетке байланысты қалыптасқан жағдайлар толық ескерілсе,- дейді.
Шынар Оразова