«Не аялдама, не жаяу жүргіншілер жолағы жоқ»

152

«Асар 2» мен «Шым Сити» шағынауданын байланыстырып тұрған Алматы тас жолы бойында не бағдаршам, не жаяу жүргіншілер жолағы жоқ. Осылай деп шағымын айтқан асарлықтар ең алдымен мектепке баратын балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдайды.

Сонымен қатар, бұл маңнан қала ішіне қатынайтын жалғыз автобус бар көрінеді. Оның өзі «Асар 2» шағынауданына жеткенше лық толып, мұндағы аялдамаларға кейде тоқтамай өтіп кететін көрінеді.

«Балаларымыздың қауіпсіздігі үшін кім жауап береді?». Бұл «Асар 2» тұрғын үй кешеніндегі қараша халықтың жан-айқайы. Айтуларынша, тұрып жатқан шағынауданда мектеп болмағандықтан, оқушылар көршілес Шымсити-ға қатынауға мәжбүр. Онда бару үшін Алматы тас жолын кесіп өту керек болғандықтан, ата-аналар жұмысынан қалып, балаларын білім ордасына жетектеп алып барады. Себебі, мұнда не бағдаршам, не жаяу жүргінші жолағы жоқ.

Айгүл Қораласбаева, тұрғын: «Міне оқушыларымыз сабаққа барып жатыр. Оқушыларымыз мына жолдан өтуі өте қиын. Барып келуі сабағына, не аялдамамыз жоқ, не жолағымыз жоқ. Алматы трассасы болғаннан кейін бізде өңкей жүк машиналар, фуралар өтеді. Фуралар өткеннен мынау жолдан өту де қиын. Жол тар көріп тұрсыздар».

Сондай-ақ, тұрғындар қоғамдық көлік мәселесіне де алаңдаулы. Автобустар тоқтайтын мына белгінің жанында аялдама жоқ. Жиналғандар кейде қоғамдық көлікті күннің астында сағаттап күтіп қалатынын айтады. Ал бұл маңнан қала ішіне қатынайтын нөмірі №150 бағыттағы автобус кейде тіпті тоқтамай өтіп кетеді екен.

Айгүл Қораласбаева, тұрғын: «Бізде 150 маршрут жүреді. Жақында 126 жүрді. 126 «Алаш» базарына барады. 150 маршрут жалғыз болғаннан кейін мынау «Достық», «Асар», «Шымсити» бәріне келеді да, ең соңында осы жерге «Асар 2″-ден өтеді. Асар 2-ден өткеннен кейін толып келеді, толып келгеннен соң автобус тоқтамай өтіп кетеді бізден».

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы бұл мәселе тез арада шешімін табатынын айтады. Сөзінше, Шымкент мегаполис атанып, маңайындағы шалғай ауылдар қосылғандықтан, қоғамдық көлік өзекті проблемаға айналған. Ал Асар екідегі Алматы тас жолы келешекте 6 жолақты болып, қайту жөндеуден өтеді.

Ержан Жолдасов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Бізге бірінші адамның қауіпсіздігі керек. Сондайға жеткізбес үшін біз енді қазір көріп тұрсаңыздар 2 аялдаманың белгісі тұр. Біз осы жерге 2 аялдаманы уақытша қойып береміз. Сөйтіп, мына жерді сызып жаңағы 40 деген знакты қойып береміз. Осы мәселені біз шешеміз».

Осы жылдың сәуір айында жаңа қонысын тойлаған Асар 2 шағынауданы тұрғындарының көңілдерін басқарма басшысы көншіткендей болды. Жауапты маманның сөзінше, келесі аптадан бастап аялдама да жылдамдық мөлшерін көрсететін белгі де орнатыла бастайды.

Әлихан Файзханов