Көліктегі өртті сөндірген азамат марапатталды

99

Жол-көлік оқиғасы салдарынан өртенген көлікті сөндірген Нұрбек Әділбек марапатталды. Еске салсақ, Шымкент-Шолаққорған тас жолында екі көлік соқтығысқан еді. Салдарынан Газель жүк көлігі аударылып, кабинаның және қозғалтқыш бөлігі өртенген.

Төтенше жағдай қызметкерлері келгенше, жолдан өтіп бара жатқан су тасуға арналған автокөлік жүргізушісі Нұрбек Мұсаұлы отқа орынған көлікті сөндірген. Оның көлігінде жарты тоннаға жуық су болған. Жүргізушінің батыл, әрі жедел әрекетінің арқасында өрт дер кезінде сөніп, Газельге орнатылған екі газ баллон жарылмады.

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Аманбек Бейсембаев бейбіт күннің батырын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдірді.

Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жүргізушілерге жол жүргенде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Олар техникалық көлікті байқаудан уақтылы өткізуге, автомобиль салонында темекі шекпеуге және көлігінде сыйымдылығы 2 литрден кем емес өрт сөндіргіш алып жүруді ескертеді.

Жанерке Хумар