Президент елдің әл-ауқатын арттырудың принциптерін атады

70

Қазақстан Республикасының Президенті ел халқына Жолдауын жасады. Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамаларын жариялады.

Қасым Жомарт Тоқаев халқыққа арнаған кезекті жолдауында қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру – басты мақсат екенін атап өтті. Бұл мақсатқа жету үшін 5 негізгі бастама бар екенін айтты. Біріншіден, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешімін жария етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Елімізде ең аз жалақы көлемі 2018 жылдан көтерілген жоқ. Әлемдік коронадағдарыс қазақстандықтардың табысына салдарын тигізді. Оның үстіне ең төменді жалақы көлемі бойынша Қазақстан ТМД-ның біраз елдерінен артта келеді. Осы орайда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы көлемін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге өсіру туралы шешім қабылдаймын. Аталған бастама 1 млн-нан астам қазақстандықты қамтиды».

Президент сонымен қатар, соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалып келген еңбекақы қорын көтеру қажеттігін айтты. Осы орайда Үкіметке жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің және басқалардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырамын. Бұл бастаманың игілігін тұтастай алғанда тағы 600 мың қазақстандық көреді».

Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керек деп санайды. Оның айтуынша, бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйретеді. Сондай-ақ, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: Тұрғын үй азаматтарымыз үшін қашан да басты мәселе. «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі таяу арада аяқталады. Сонымен қатар нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған орай Бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады. Ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы» банкі оның әкімшісі болып белгіленеді. Банк алдында бір терезе қағидатты бойынша есеп жүргізіп, азаматтарға тұрғын үй бөлу міндеті тұр».

Мемлекет басшысы қазақ және орыс тілдерінің мәртебесі туралы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, елде қазақ тілін қолдану аясы кеңейіп келеді, ал орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие.

«Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс. Өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп барады деуге негіз жоқ. Ата заң бойынша, Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі».

Ал саясаттанушы Сәкен Мәжінбеков Президенттің әрбір бастамасын толықтай қолдайтынын айтады. Сөзінше, мемлекет басшысының, кез келген салада ғалымдарға сенім арту керек дегені өте орынды пікір деп отыр.

Сәкен Мәжінбеков, саясаттанушы: «Жолдаудан бір нәрсені аңғаруға болады. Бұл қай сала болмасын бастысы  ғалымдарға иек арту. Жолдаудың өзінде зиялы қауымға тоқталып тұрып айтты. Бұл спорт саласы болсын кешегі Токио Олимпиадасынан кейінгі, бұл ауыл шаруашылығы болсын қазіргі қуаңшылық, судың жетіспеушілігі, ол саяси сала болсын, барлық салаларда ғылыми зерттеулерде талдау ғана».

Саясаттанушы әлеуметтік салаға көп көңіл бөлу керектігін айтты. Бар міндет пен жауапкершілікті мемлекетке артып қоймай, адамдар өз күшіне сеніп, алға ілгерілесе екен дейді.

Сәкен МӘЖІНБЕКОВ, саясаттанушы: «Әлеуметтік салаға көңіл бөле отырып Президентіміз де атап өтті. Мен де көп жүрген жерімде айтып жүремін. Бұл масылдық. Мемлекет маған мұндай жасау керек дейді. Бірінші кезекті біз психологиялық тұрғыдан мемлекетке мен не бере аламын деп ойлауымыз керек. Бұл шын мұқтаж адамдардың да жолын кесіп жатқандығы қынжылтады».

Мемлекет басшысы сөз соңында саясатына күмәнмен қарайтындар, жұмысын атқара алмайтындар, уақыт өткізіп босқа отыратындар мен Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар болса, қызмет орындарын босатулары керектігін айтты. Мемлекеттік аппарат біртұтас механизмдей жұмылып жұмыс істеуге міндетті екенін алға тартты.

Әлихан Файзханов