Құлдықтың құрбаны болған…

50

Шымкент қаласының тұрғыны Сергей Манько еңбек құлдығының құрбаны болған. Айтуынша, оны біреулер жұмыс береміз деп алдап, Түркістан облысына қарасты шалғай ауылда жылқы бағуға мәжбүрлеген. Сонымен қатар, азаматтың құжаттарын тартып алып, жалақысын да төлемей отырған.

«Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы биылғы жылы еңбек құлдығынан зардап шеккендердің саны артқандығын айтады.

61 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны Сергей Манько осы уақытқа дейін күнелту үшін түрлі жұмыстар істеген. Бірнеше жыл мұнай тасымалдаған, таксопаркте жүргізуші боп қызмет атқарған, тіпті жерлеу рәсімін ұйымдастыратын мекемеде де жұмыс істеген.

«Зейнет жасына аз ғана уақыт қалғанда құлдыққа түсемін деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірмепті» – дейді ол. Сергейдің айтуынша, оған үй салу туралы өтінішпен бір азамат жүгінген, кейін оны Түркістан облысына апарып, мал бағуға мәжбүр еткен.

Сергей Манько, Шымкент қаласының тұрғыны:  «Ол мені қой қораға алып келді. мал бағуға мәжбүрледі. Мен айдалада бір отарды өзім бағамын, не жылқы жоқ, жаяу шопан болдым. Бұрын спортпен айналысқанымның арқасында ғана аяғым осындай қиындыққа шыдады».

Сергей өзін алып кеткен ер адам оған 70 мың теңге жалақы төлеуге уәде берген еді дейді. Алайда, ол 3,5 ай бойы тегін жұмыс істеткені аздай, құжаттарын да алып қойған.

Сергей Манько, Шымкент қаласының тұрғыны: «Таңертең тұрдым да, жуынып-қырынбаған қалпымда қаштым. Ол мені тегін құл етті, ол психолог, маған «сен енді маған тегін жұмыс істейсің» дейді».

Сергей полицияға арыз жазған. Құқық қорғаушылардың айтуынша азаматтарды еңбек құлдығынан қорғайтын заң жоқ, бірақ қылмыстық кодекстің бабы бар. Істі қарау жұмыстары сол бойынша өткізіледі.

Алайда, барлық істер сотқа жете бермейді. Құлдықтың кейбір құрбандары өздерін заң қорғайтынына сенбейді, ал кейбірі тіпті істің сотқа жеткенін де қаламайды.

Раушан Худайшкурова, «Сана Сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» ҚБ сауданы болдырмау жөніндегі жоба үйлестірушісі: «Наурыз айынан бастап мұндай проблемалардың саны артқан, Көбінесе мұндай жағдайға шетел азаматтары ұшырап жатады. Наурыз-сәуір айларында жалақысыз жұмыс істеу, құжаттарынан айырылу сияқты жағдай Өзбекстан азаматтарының арасында көп тіркелген».

Өткен жылы Шымкентте «Сана сезім» қорына 77 азамат жүгінсе, биылғы жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында ресми тіркелген құлдық құрбандарының саны 42 ге жетті. Ал, еліміздің барлық аймағы бойынша 132 адам еңбек құлдығынан зардап шеккен.

Заң бойынша, істері сотқа дейін жеткен құрбандардың тек өзіне тиесілі жалақысын ғана емес, сонымен қатар жауапкерден өтемақы талап етуге де құқығы бар. Айта кетейік, биылдан бастап елімізде, өтемақы қоры жұмыс істей бастады.