Шымкент жылу маусымына сақадай сай. Бұл Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен шаһарды жылумен қамтитын «Қуатжылуорталығы -3» МКК ұйымдастырған баспасөз-турында мәлім болды.
Жылуберушілер 2017-2021 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламадағы биылға жоспарлаған шараларды толық орындап шықты.
2015-2017 жылдар аралығында мемлекет тарапынан «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша мекемеге бөлінген 3,5 млрд. қаражатқа қосымша 20 шақырымға жуық магистралдық жүйелері жөнделген – дейді сала мамандары.
«Қуатжылуорталығы -3» мекемесі инвестициялық бағдарлама бойынша ағымдағы жылға ескірген жылу жүйелерін жаңалауға 110,35 млн. теңге бөлген. Бұл қаражатқа қала аумағындағы 15 нүктеде тозығы жеткен магистралды және ішкі орам құбырлар жаңаланды.
«Қуатжылуорталығы-3» мекемесі шаһардағы 74 мыңнан астам тұтынушыны жылумен қамтып отыр. 3-Энергоорталығынан 1854 көпқабатты үй орталықтандырылған жүйеден жылу алса, 11 қазандықтың 6-нан «Нұрсәт», «Тұран», «Нұрсити», «Ньюсити» шағынаудандары мен «Тұрлан» экпедициясындағы жаңа үйлер жылу масумында автоматты түрде қосылады.
Айсұлу Әлібекова, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу Комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары: «2021 жылдың 1-ші қазанынан «3-Энергоорталық» мекемесінің жылу энергиясының өндіру қызметін төмендеткен болатынбыз, 4,59 пайызға. Соның салдарынан «Қуатжылуорталығы-3″ кәсіпорны жылу энергиясын беру қызметі 2.54 пайызға төмендеді. 1-ші қазаннан бастап жылу беру маусымын мекеме төмендеген тарифпен атқарады».
Шынар Оразова