Шымкенттіктер тұрмыстық газ баллонын толтыра алмай әлекке түсті

23

Шымкент тұрғындары тұрмыстық газ баллондарын толтыра алмай әбігерге түсіп жүр. Бұрын сұйылтылған газды жанармай бекетінде толтырып алуға болатын болса, қазір тыйым салынған.

Любовь Стрелкова Қайнар бұлақ саяжайында тұрады. Бұл аумаққа әлі көгілдір отын жеткізілмеген. Сондықтан тұрғындар ас дайындап, үйін жылытуға газ баллонын қолданады. Бұған дейін олар газды жанармай құю бекеттерінен еш кедергісіз құйып алатын. Енді қалада сұйық отын тапшылығынан баллон толтырып беруді доғарыпты.

«Қазір баллонды жанармай бекетінен құю мүмкін емес. Ал газбен жүретін көліктер күзден бері тоқтап тұр. Бекеттерге барғанмен, газ жоқ дейді. Болды. Балам түнгі 12-лер шамасында әрең дегенде қаланы аралап жүріп, тауып келді» – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Любовь Стрелкова.

Жергілікті азаматтар электр қуатын пайдалану тиімсіз екенін айтады. Себебі жарық жиі сөніп қалады екен. Тұрғындардың сөзінше кейде баллон ауыстыратындар келгенімен олардың газ құтысы ескі әрі жарым жартылай бос болады екен.

«Егер бізге қауіпті деп газ құймаса, онда көліктерге де қауіпті болады ғой. Бәрі де 1 құрылғы емес па? Басында рұқсат береді де, енді тыйым салып жатыр. Түсініксіз бәрі. Білуімше дамыған елдерде де осындай газды қолданатындар бар» дейді Шымкент қаласының тұрғыны Қуатбек Ботабаев.

Төтенше жағдайлар министрлігі жанармай құю бекетінде газ баллонды толтыруға тыйым салынғанын айтты. Себебі бұл өрт қауіпсіздік ережесіне сәйкес келмейді. Министрліктің мәліметінше, тыйым салынғанына біраз уақыт өтсе де, енді ғана қатаң шара қолданып бастаған. «Жанар Жағармай» қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров бұдан газ тұтынушылары ғана емес, кәсіпкерлер де зардап шегіп отыр дейді.

«Жаңа заңға сәйкес, әрбір жанар-жағармай құю станциясының немесе бекеттің өз баллондары болуы және олар үшін жауапты болуы керек. Егер ол баллонды көпшілікке шығарса, оның өзіндік белгілері, нөмірленуі, айрықша жазбалары болуы керек. Оған сол мекеме иесі жауапты болады. Менің ойымша, мұндай жүйеге әлі ерте, бұған біртіндеп дайындық жүргізу керек еді» – дейді «Жанар жағармай» қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров.

Мамандар тек арнайы композициялық баллондарды ғана сатуға болады дейді. Десе де ол бәріне бірдей қолжетімді емес. Енді шектеуге сәйкес тұрғындар тамақты далада пісіреміз бе деп уайымдайды. Ал жыл сайын елімізде табиғи және сұйылтылған газдан зардап шегіп, баллон атылып кету жағдайы азаяр емес.