Түркістан облысы Шардара қаласында отыз мыңнан аса халық ауыз сусыз қалды. Тұрғындарға тіршілік нәрі Шардара су қоймасынан тазартылып, беріліп келген.

Алайда биыл Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетін судың деңгейі едәуір төмендеп, ішуге жарамсыз болып қалған. Салдарынан қазір көпқабатты үйлерге су тасымалданып берілсе, жекелеген үйлердің тұрғындары тіршілік нәрін сатып алуға мәжбүр.

Мына ескі көлік – қазір көпқабатты үйлерде тұратын халықтың жалғыз тіршілік көзі. Шағын шаһарда 75 көпқабатты үй болса, әкімдік ондағы тұрғындарға күнделікті тұшы суды тасымалдап беруде.

Зылиха Тәшімбетова, Шардара қаласының тұрғыны: «Осы екі-үш жыл болды ма, су краннан келіп тұр. Бірақ сасып кеткен су, бір кездері лайқы болып ағады. Бір кезде сасып канализацияның иісі шығады».

Ұлбала Оңалбаева, Шардара қаласының тұрғыны:» Ол кәдімгі балықтың иісі сасығанда айта алмаймын. Мысалы үшін күнделікті жуынамыз, ол жуынғанда үстіңнен сасық иіс шығады».

Шардара қоймасындағы судың азайып кеткені соншалық, су соратын құбырлардан да төмен түсіп кеткен. Салдарынан суды сүзгіден өткізіп, тарататын станцияның жұмысы тоқтаудың аз-ақ алдында тұр. Ондағы судың сапасы техникалық деп танылған. Оның өзі тек көпқабатты үйлер мен орталық ауруханаға әрең жетеді. Өзге бес мыңнан аса жеке үйдің тұрғындары тіршілік нәрін сырттан сатып іші отыр.

Бауыржан Әбдімәлік, Шардара аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы: «Орталықтандырылған су құбырынан бізге су келеді, ол суды біз тек техникалық қызметімізге қолданамыз. Ал, ішетін суды аудандық әкімдік арқылы су таситын автокөліктермен тасып береді. Мысалы үш күнде аламыз, екі күнде».

Шардара қоймасында мұндай жағдай соңғы 40 жылда болмаған, дейді мамандар. Мәселен, көктемде қоймада 5,2 млрд текше метр су жиналған. Алайда қуаңшылыққа байланысты тіршілік нәрі шаруашылықтарға бөлініп, деңгейі апаттық жағдайға дейін түсіп кеткен.

Бақыт Құлманов, Шардара су қоймасының инженері:» Қазіргі таңда 667 млн текше метр су бар Шардара су қоймасында. Ал, мұнда бір 30-40 жылдың аралығында мұндай жағдай болған. Бұдан да төмен түсіп кеткен су. Содан бері енді қайталанып отыр».

Мамандардың айтуынша,қазір Өзбекстанмен келіссөздер жүргізіп, Келес өзенінің суын Шардараға бұрып жатыр. Алайда көрші ел қараша айына дейін су болмайтынын жеткізген. Сондықтан аудан әкімдігі қазір балама су көздерін іздестіруде.

Алайда бұл жоба қомақты қаражатты қажет етеді. Сондықтан жергілікті билік Үкіметтен көмек сұрайды.

Шынар Оразова