Шымкентте эпидахуал тұрақталып келеді

66

Шымкент қаласында эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлімдеді. Сондай-ақ, мегаполис вакцинация бойынша ел ішінде көш бастап тұр.

Бүгінгі таңда Шымкенттегі стационардағы төсек орындар саны 60 пайызға қысқарды. Осылай деген қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы эпиджағдай тұрақталып келе жатқандығын жеткізді. Бірақ, әлі де арқаны кеңге салуға болмайды. Жыл басынан бері коронавирус инфекциясын жұқтырған 33 675жағдай тіркелген. Соңғы мәлімет бойынша 23-қыркүйек күні –125 жағдай тіркелсе, соңғы тәулікте 72 адам сауығып шыққан.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Шымкент қаласында эпидемиологиялық жағдай тураланып келе жатыр. Бірнеше күннен бері «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа өткен болатынбыз. Күні кеше ғана, 22 қыркүйекте ковид-19 инфекциясымен 125 жағдай тіркелді, оның ішінде 113-симптомды, симптомсыз-12. 18 жасқа дейінгі балалар арасында 32 жағдай тіркеліп отыр. Кешегі күні бір күнде сауығып шыққандар саны 72».

Сонымен қатар, брифингте Шымкент қаласы коронавирустың ықтимал толқынына арналған үш сценарийге дайын екендігі айтылды. Бүгінде қалада мамандандырылған инфекциялық 1333 төсек орны бар, оның 706 орны бос. Қазіргі уақытта стационардың толымдығы 47 пайызды құрайды.

«Дәл бүгін Шымкент қаласында 10 стационарлық аурухана жұмыс істеп жатыр. 1333 төсек-орны бар. Онда жатқан науқастар саны 627 адам. Яғни, 47 пайыз толымдылықты құрап отыр. Реанимация бөлімшесінде бізде қазір 118 адам жатыр. Бұл 44,1 пайызды құрап жатыр», дейді басшы.

Үшінші мегаполистің бас дәрігері вакцинация бойынша тиісті норма да орындалып жатыр дейді. Соңғы мәлімет бойынша, Шымкентте коронавирусқа қарсы екпенің 1 компонентін 498 803 адам, ал 2 компонентті 408 181 адам салғызған.

Айта кетейік, вакцинациялау бойынша Шымкент қаласы басқа аймақтар арасында көш бастап тұр.