Шаһарымызда пәтер жалдау құны күн санап қымбаттап барады. Пәтер жалдап тұру уақытша және амалсыз жағдай екендігі белгілі. Көптеген азаматтар баспананы табысы жетпегендіктен сатып ала алмайды. Қаламыздағы жалдамалы пәтер құны қанша?
Бүгінде студенттер, жас отбасылар, пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Олардың қатарында ипотека алу шарттарына сәйкес келмейтін азаматтар да бар. Тұрғындар ішіндегі ескі жиһаз бен тесілген еденге қарамастан пәтерлерді жалға алуда. Уақытша тұрақтың бүгінде бағасы да шарықтап барады. Соған қарамастан соңғы мәліметтерге сүйенсек, қаламызда пәтерді жалға алушылардың саны күн санап артпаса кемімеген.
Үшінші мегаполиске арман арқалап келіп, жалдап тұратын пәтер жағалап жүрсеңіз, сіздің де басыңыздан бұл жағдай өткен шығар. Бүгінде аядай ғана бір бөлмелі пәтерді 90-100 мыңға жалдап тұратындар аз емес. Үйдің іші бос, түк жоқ деген пәтердің өзін кемінде 70 мыңға жалдап тұрасыз. Оған коммуналдық қызметке төлейтін қаражатты қосыңыз.
Бірақ, жоғарыда атап өткеніміздей, бағаның күн санап қымбаттауына қарамастан қазірде пәтерді жалдайтын тұрғындар саны артып отыр. Жылжымайтын мүлік агенттігінің мамандары бір ғана агенттікке айына 150-ден аса адам жалға баспана іздеп келеді дейді.
Ал статистика мамандарының айтуынша, сұраныс жоғары болған сайын, жалдамалы баспананың да бағасы шарықтаған. Яғни, Шымкент қаласында тұрғын үйді жалға алу нарығындағы бағасы жыл басынан бері 29%-ға көтерілді деп отыр.
Сұраныс артқан жерде бағаның да көтерілуі қай салада болмасын заңдылық. Дегенмен қым-қуыт тірліктің жайымен, күнкөрістің қамымен пәтерден пәтерге көшіп жүрген тұрғындардың «жалға берілетін пәтерлерлің бағасын тұрақтандыру» мәселесіне назар аударылса деген өтініші бар.
Айнұр Бекасанова