«Шымкенттегі мектепте тегін білім алушыларға жағдай жасалмаған»

422

Балалары Әл-Фараби атындағы акамедемиялық мектепте білім алатын ана әлеуметтік желі арқылы өз шағымын жеткізді. Айтуынша оқу ордасында ақылы оқитын оқушылар мен тегін білім алушыларға екі бөлек жағдай жасаған. Тіпті асханадағы тамақты да талғап беретін көрінеді. Сондай-ақ, әжетхананың өзін бөліп қойған деген ата-ана ақша төлемейтіндерге тіпті сусабын да қоймайды деп ашынады. Ал, мектеп әкімішілігі бұл жәй ғана түсініспеушілік екенін алға тартып отыр.

Мектепте ақылы мен ақысыз бөлімде оқитын балаларға екі бөлек жағдай жасалған. Осылай деп ашынған ананың жанайқайы әлеуметтік желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Сөзінше, оның екі перзенті де жекеменшік білім ұясында жан басына қаржыландыру бойынша тегін білім алады. Ал оқу ордасының жай күйіне көңілі толмайтын көрінеді.

Белгілі болғандай мектепте екі дәретхана бар екен. Ақысыз бөлімінде сабын мен сүлгінің жоқ екенін аңғарған ата-ана ақылы бөлімнің де әжетханасына барып көрді. Ал онда қажетті заттың бәрі бар болып шықты.

Аякөз Бегалықызы, ата-ана:
«Менің қызым ақысыз бөлімде оқиды. Әжетханасында сабынның жоқ екенін салфетканың жоқ екенін жалғыз мен емес журналистер де көрді. Ал ақылы оқитын жақта сабынның да салфетканың да бар екеніне көзім жетті. Екіншіден ол жерде менің баламның айтуынша біз отыратын столда ешқандай скатер жоқ, ал ақылылар тамақ ішетін жақта скатер мен салфетка бар деді».

Ақылы бөлімнің дәретханасына кірсек бізді қуып шығады деген Аякөз Бегалықызының баласы тек өзіміздікіне баруға тырысамыз дейді. Бірақ оның таза тұрмайтынын айтып қалды. Сондай-ақ , ол асханада тамақты талғап береді дегендіде растап отыр. Айтуынша, міндетті түрде ас алар кезде оқушының қай бөлімде оқитынын сұрайды екен.

Айшабибі Төреқұлова, 7-ші сынып оқушысы: «Ақылы мен ақысыз мектеп екеуі екі бөлек мектеп. Иә бөлек кәдімгі бір асхана. Бірақ екіге бөлген. Ақылыда бүкіл ыстық тамақ бар. Ал бізде тек самса мен шырын ғана бар. Бізден сұрайды ақылы мектеп пе ақысыз ба деп».

Ал мектеп әкімшілігі мұны толығымен жоққа шығарып отыр. Біз ешқашан балаларды бөліп қараған емеспіз деген білім ордасының басшысы тек түсініспеушіліктің орын алғанын жеткізді.

Бүгінде 1300 оқушы дәріс алатын болса, оның небәрі 20-ы ғана ақылы бөлімде оқиды екен. Алайда, бәрі бір ғимаратта дәріс алады дейді. Тек кейбірі ҰБТ мен олимпиадаға қосымша дайындалу үшін ақы төлейді екен. Ал әжетхана мен асхана мәселесін былай түсіндірді.

Айшагүл Шайхина, Әл-Фараби атындағы академиялық мектеп директоры:
«Ол жердегі дәретхананың айырмашылығы сабыны мен салфеткасының болуы. Бірақ ол ақысызда балдардыкынде де бар. Тек 1300 бала осы жерде оқыған кезде таусылып қалады. Сондай сәтке түскен. Екіншіден ақылы балалардың ата-аналары өздері ақша беріп жібермеу үшін әрі қауіпсіздік деп санайды. Бір ай алдын тамақтың ақшасын төлеп қояды. Егер де бала ақылымын деп айтатын болса ыстық тамақ тегін беріледі. Сіз маған тамақ беріңізші деген кезде ақысын төлейсіз ба жоқ әлде сіз ақылыдасыз ба деген сұрақты тек аспаз емес мен де қоюға міндеттімін деп ойлаймын».

Айта кетейік, бүгінде Әл-Фараби атындағы акамедемиялық мектеп оқушылары жан басына қаржыландыру бойынша білім алады. Бір кездері тойхана ғимараты болған бұл мекеме арнайы білім ордасы үшін салынбағанын бірден аңғаруға болады. Әрі қанша жағдай жасалса да ішіне кірген бойда ыстық екені байқалады.

                                          Мөлдір Ибадуллаева