Қазақстандық спортшылар бокстан Дубайда өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жалпыкомандалық есеп бойынша көш бастады. Еліміздің қоржыны 19 алтын, 15 күміс және 15 қола медальмен толықты. Жүлдегерлердің арасында шымкент спортшылары 2 алтын мен бір күмісті қанжығасына байлады.

Шымкенттіктер бокстан Дубайда өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының жүлдегерін аса құрметпен қарсы алды. 18 жастағы Абзал Серік 67 келі салмақта Азия чемпионы атанды. Ақтық мәреде қарсыласы өзбекстандық спортшыдан басым түскен Абзал бұл жеті жылда жинаған тәжірибем және бағыт-бағдар берген жаттықтырушыларымның еңбегінің жемісі дейді.
Абзал Серік, бокстан Азия чемпионы:»Қазақстаннан артық ел жоқ екен соны түсіндік. Бүгін міне құрмет көрсеткен барша жерлестеріме, жаттықтырушым Құрбан ағайға, мені тәрбиелеген ата-анама алғысымды білдіремін. Алда ересектер арасында  чемпионат өтеді. Соған тер төгеміз».

Қазақстандық боксшылар 19 алтын, 15 күміс және 15 қола медальмен Азия чемпионатында жалпы командалық есеп бойынша бірінші орынды жеңіп алды.

Ерлер командасындағы 8 спортшы алтын алса, боксшы қыздар 12 медальді қанжығасына байлады. Жерлестеріміз Диана Мағауияева алтын медальге қол жеткізсе, Дана Дидай күміс медаль иегері атанды.
Хамидулла  Сұлтанов, «Шымкент кәсіпқой бокс түрлері клубы» КММ директорының  оқу спорт жөніндегі орынбасары:»Қалалық бокс клубының спортшылары Азия чемпионатында екі алтын және бір күміс жеңіп алды. Міне Абзал 67 келіде. 75 келі салмақта қызымыз Дана Дидай , және жоғары салмақта 80+80-де тағы бір қызымыз Диана Мағауияева жеңіске жетті- Бірінші орынды жеңіп алды».

17 -30 тамыз аралығында бокстан өткен Азия чемпионаты қазақстандық спортшылар үшін жемісті болды. Жас буынның алда ересектер арасында өтетін байрақты бәскелерде биіктен көрінетініне жаттықтырушалары сенімді.