Шымкенттіктер белгісіз хаттан қауіптене бастады

57

Шымкентте белгісіз хат тарататындар пайда болды. Оны қандай мақсатта тастап кететінінен бейхабар тұрғындар біздің арнамызға шағымданды.

Айтуларынша, соңғы айда жазбаның келуі жиілеген. Бір құрылыммен жазылған мәтінде халықаралық сайттың атау көрсетіліпті. Ол қандай сайт? Халыққа жазба қалдырып жүрген кімдер? Бұл іс қаншалықты заңды?

«Бізге әлдекімдер хат тастап кетеді». Осылай деп шағымданған тұрғындар жағдай бірнеше рет қайталанған соң қауіптене бастағандарын айтады. Жазба қалдыратындардың нендей ойы бар екенінен хабарсыз жұрт мұнымен кімнің айналысып отырғанына да білмейміз дейді.

Талғат Жылқыайдаров:  «Менің үйіме екі рет хат келді. Бір парақ қағазды есікке іліп кеткен. Қызық болған соң оқып көрдім. Және ол маған ұнаған жоқ. Күдікті болып көрінді. Соңында jw.org деген сайт көрсетіліпті. Оған кіріп көруге қорықтым. Қазір интернет алаяқтары көп қой, солардың бірі болмасына кім кепіл?».

Екі баланың әкесі Асан Сәдібеков те перзенттерім үшін алаңдаймын дейді. Себебі алғашында хатты үлкен ұлы әкеп берген. Соңғы бір айдың өзінде 3 рет есік алдынан қағаз алдым деген ол әлеуметтік желінің дамыған заманында сайтқа кірудің өзі қорқынышты екенін айтады.

Асан Сәдібеков, тұрғын:  «Түсініксіз хат. Ішіне не жазылғаны аңғармадым. Менің діни сауатым жоқ. Бала-шағам сол сайтқа кіріп қоя ма деп қорқам. Бір рет балам әкеп берді. Екі рет өзім жұмыстан келе жатқанда көрдім. Сол баламнан қорықтым. Балам оқыса интернеттің бәрін түсінеді ғой. Қазір небір сайттар шығып жатыр ғой».

Қандай да бір дін өкілдері болуы мүмкін екенін болжаған тұрғын мұны тоқтату керек екенін жеткізді. Себебі өзі бірнеше адамның өзге дінге кіріп алданғанына күә болыпты.

Эльмира Ивакова,  тұрғын:  «Менің екі көршіме бір таныстарыма келіпті. Ішінде түсініксіз нәрселер жазылған дейді. Бірақ оның не екенін  білмейді. Оны бала шаға оқиды. Оны кім таратады? Интернетте небір сайттар бар. Алдап-сұлдап «Вот мы твое жизнь красиво сделаем» деп ақыр соңында баланың психикасын бұзады. Менің бір дінге кіріп кеткен таныстарым болатын. Баяғыда естігем. Мамасы жылап балам осындай дінге кіріп кетті. Үйдегі дүниенің бәрін тасып бітті. Ақырында үйсіз қалып, қазір ағасының үйінде квартирада тұрып жатыр. Сондай нәрсенің алдын алу керек, болдырмау керек».

Тұрғындарды мазалаған белгісіз хаттың мазмұнымен бізде таныстық. Қазақ және орыс тілде жазылған жазбаның құрылымы бір. Тек адамның есімі ғана өзгертілген.

Белгілі болғандай бұл иегова күәгерлерінің сайты екен. Алайда, қалалық дін істері басқармасының мәліметіне сүйенетін болсақ бүгінде шаһарда 11 діни конфенссия жұмыс істейді. Оның бірі иегова күәгерлері дейді мамандар.

Мемлекеттік тіркеуден өтіп, ресми жұмыс істейтін олардың мегаполиста 3 діни бірлестігі бар екен. Дегенмен, діни ілім тек ғибадатхана мен рухани білім беру мекемелерінде ғана рұқсат етілген дейді.

Бауыржан Заманханов, Шымкент қалалық дін істері басқармасының бас маманы: «Діни бірлестікте өзінің діни ілімін тек қана ғибадатханада немесе діни білім беру ұйымдарында ғана рұқсат етілген. Ал қалған яғни діни берлестіктен тыс жерде адам көп шоғырланған қоғамдық орындарда немесе жаңағыдай жеке үй-жайларда адамдарды жинап үгіт насихат жүргізуге немесе белгілі бір дінді насихаттауға олар діни мазмұндағы әдебиеттерін таратуға заңмен рұқсат етілмейді. Егер тұрғындар тарапынан қандай да бір наразылықтар, шағымдар болатын болса онда олардың барлығы қаралып істің мән-жайы әлбетте анықталатын болады».

Сала жауаптыларының айтуынша бұған дейін басқарма атына ешқандай шағым түспеген. Бірақ, алдағы уақытта тұрғындар тарапынан наразылық туындаса істің мән-жайын анықтаймыз деп сендірді.

Мөлдір Ибадуллаева