Сынға іліккен мектеп ата-аналардың сауалына жауап берді

60

Оқушыларды бөлектейді деп сынға іліккен мектеп әкімшілігі баспасөз қызметкерлеріне пресс тур өткізді. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Әл-Фараби атындағы академиялық мектептің ата-аналары тарапынан оқушыларды бөлектейді деп шағым түскен еді. Арна тілшілері бұл туралы сюжет дайындады. Ал, бейнематериалдан кейін бұл білім беру мекемесінде өзге де мәселе бар екені белгілі болды.

Осыдан бірнеше күн бұрын Әл-Фараби атындағы академиялық мектеп атына шағым түскен болатын. Дәл осы мәселені басты назарға алған білім ұясының әкімшілігі баспасөз қызметкерлеріне брифинг өткізді. Жиында олар оқушыларды ешқашан бөлмейміз деп ақталды. Барлығы бір ғимаратта оқитынын қайта еске салды.

 

Әділ Анапия, Әл-Фараби атындағы академиялық мектеп әкімшісі:
«Ақылыда оқитындардың жағдайы жақсы, ақысыздағылар жаман деп айтып жатыр. Жоқ мүлде олай емес. Бізде ақылы бала деген оның ата-анасы мемлекеттік стандарттан бөлек бала бірінші сменада оқиытн болса, түстен кейінгі қосыша сабаққа қосымша ақы төлейді.Әрі бәрі бір ғимаратта білім алады. Асхана да , сынып та , әжетханада ортақ. Оны бөле алмайсың».

Осы мәселе негіз болған сюжеттен соң білім ордасына өзге ата-аналар да шағымын жеткізді. Бірі дене шынықтыру пәні жертөледе өтіледі десе, енді бірі мектеп алдында жаяу жүргіншілер жолағының жоқ екенін алға тартты.

Бұл сауалды жауапты мамандарға жолдадық. Айтуларынша, жертөледе тек қосымша спорттық үйірмелер ғана өтіледі. Ал негізгі сабақ сыртқы спорт алаңшасында жүргізіледі дейді. Биыл алғаш рет дәстүрлі форматта білім беріп жатырмыз деген мекеме күн суығанға дейін оның да төбесін жабуды көздеп отыр екен. Ал, жаяу жүргіншілер жолағының мәселесі де жақын арада шешіледі дейді мамандар.

Әділ Анапия, Әл-Фараби атындағы академиялық мектеп әкімшілігі: «Подвалда спорт зал жоқ. Тек қосымша үйрімелер өтіледі. Жалпы дене шынықтыру сыртта өтіледі. Жақын күндері жаяу жүргіншілер жолағы мәселесін де қарастырып жатырмыз».

Мектеп жағдайын білу мақсатында 11 сынып оқушысын сөзге тартып көрдік. Сөзінше, білім ұясында шәкірттерге жақсы жағдай жасалған. Әрі ешқандай алалау байқалмайды дейді. Алайда, кітап жетіспеушілігі мен бөлменің аздап ыстық екенін жасырмады.

Мейіржан Иманалиев, оқушы:
«Бәріміз бір асханада тамақтанамыз. Ешкім ақылы ақысыз деп бөлектемейді. Бәріміз бір мектепте оқимыз ғой. Ақылы оқитындарды да көрем, бәріміз бірге тамақ ішеміз. Ол жақта ешқандай мәселе жоқ. Бәрі сыйымды. Класта сәл ыстық болады. Бірақ шыдауға болады. Қатты айтылатындай ыстық емес. Кітап жағы енді ол дұрыс. Бірақ кейбір оқушыларға сәл-сәл жетіспей қалып жатыр. Бір екі үші кітаптан. Бәрі жақсы».

Оқулықтың жетіспеушілігін білім ордасының басшылығы да мойындап отыр. Бүгінде шамамен 90 пайыз оқушы оқулықпен қамтамасыз етіліпті. Ал, көрсеткіш 100 пайызға жету үшін біраз уақыт керек дейді.

Әділ Анапия, Әл-Фараби атындағы академиялық мектеп әкімшілігі:
«Бала саны көп болғандықтан осы жылы кейбір кітаптарға қайта басып шығару болды. Оны қазір кезекпен беріп жатырмыз. Бірақ ата-аналарға өтініш жасадық. Қыркүйектің 10-12 не дейін күте тұрыңыз, 100 пайыз түгел кітаппен қамтамасыз етілесіздер деп».

Айта кетейік, білім ордасында жан басына қаржыландыру бойынша 1386 оқушы білім алады. Ал оның 20-ы ұзартылған топта, яғни ақылы бөлімде оқиды. Олар қосымша сабақ үшін айына шамамен 100 мың теңге көлемінде ақы төлейді екен.

Мөлдір Ибадуллаева