Тұмауға қарсы екпенің ережесі қандай?

86

Шымкент қаласында 15 қыркүйек күні басталған, тұмауға қарсы екпе егу жұмыстары 15 қарашаға дейін созылмақ. Аталған вирустық ауру ағзаның иммундық қорғанысына қатты әсер етеді. Соның әсерінен адам ағзасы түрлі жұқпалы және тыныс алу ауруларына бейім келеді.

Сондай-ақ, коронавирустық пандемиянің өршіп тұрғаны да бар. Денсаулық сақтау министрлігі тек короновирусқа ғана емес, тұмауға да қарсы екпе алуды ұсынып отыр. Екі вакцинаны біріктіруге бола ма және олардың бір-біріне әсері қандай?

Емханаларға тұмауға қарсы вакцинаның бір бөлігі келіп қойған. Маусымдық ауруға қарсы екпені алғашқылардың бірі болып Шымкенттің бас дәрігері алған.

«Егер адамның денсаулығы дұрыс болса, ешқандай жанама әсері болмайды» дейді Бақытжан Позилов.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Тұмауға қарсы вакцинаны соңғы 10 жыл ішінде жыл сайын алып отырамын. Міне, бүгін де келдім. Мен алған екпенің аты «Гриппол Плюс». Тұмау маусымы басталып жатқандықтан, оны жұқтырып алу қаупі жоғары. Екпенің алдында мені дәрігер қарап, қысымымды өлшеді. Біршама тексеру жүргізіп, сұрақтар қойды. Арнайы келісім парағын толтырдым. Екпенің орны ауырып тұрған жоқ. Маған 30 минут осында отыру керек, одан кейін дәрігерлер тағы тексереді».

Тұмауға қарсы вакцинаны 79 жасар зейнеткер қария да алуға келіпті. Әбдіғали Әлімбеков ұзақ өмір сүру үшін мықты денсаулық керек екенін айтады. Екпе алғанымның арқасында, өте сирек ауырамын дейді ақсақал.

Эпидемиолог мамандардың айтуынша, тұмаумен ауырудың шарықтау шегі қазан айына тура келеді. Алдымен короновирусқа қарсы егілген жөн, содан кейін тұмауға қарсы вакцинаны алуға болады. Ең бастысы, екі екпенің арасы кем дегенде 3 апта болуы керек.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Коронавирусқа арналған вакцина мен тұмауға қарсы вакцина екі түрлі. Сол себепті екі инфекцияға да қарсы екпе алу қажет. Ковидке қарсы вакцинаның екінші компонентін алғаннан соң, арада 20-30 күн өткеннен кейін ғана тұмауға арналған екпені алуға болады. Әркім өзі тіркелген жеке немесе мемлекеттік емханаға барып, екпені тегін ала алады».

Медицина қызметкерлері ең алдымен зейнеткерлер мен жүкті әйелдерге және созылмалы ауруы бар адамдар, көп ауыратын балаларға қызмет көрсетеді. Тұмау ең бірінші жүйке жүйесіне, буындарға және тыныс алу мүшелеріне әсер етеді. Сонымен қатар, дәрігерлер балаларға 6 айдан бастап екпе егуге болатынын айтты.

«Мен вакцина салғызғанды дұрыс көремін. Балаларыма әрқашан екпе ектіремін және оны міндетті түрде салғызу керек деп ойлаймын. Екпені алғаннан кейін де бала ауырып қалуы мүмкін, бірақ жеңіл түрде өтеді», дейді қала тұрғыны.

Қазіргі таңда емханаларда екпе салдыруға келгендер саны көп емес. Бірақ, дәрігерлердің айтуынша, пациенттер саны күннен күнге артуда. Екпе алу ойдағыдай өтуі үшін, пациенттің денсаулығы жақсы болуы қажет. Себебі екпеге қарсы көрсеткіші бар жандардың аурулары асқынуы мүмкін. Дегенмен, көп жағдайда екпе асқынусыз өтеді.