Қаланың іргесіндегі «Тұран-2» шағынауданындағы «Стандарт» тұрғын үй кешеніне қоныстанған тұрғындар жергілікті билікке наразы. Мемлекеттік бағдарлама аясында баспаналы болған азаматтардың үйлерінде не су, не электр жарығы жоқ.
Әжетхана іздеп даланы кезіп кетеміз деген тұрғындар, шаң жолдан көзіміз ашылмады деген уәжді де айтып қалды. Жауаптылардың «10 күнде су береміз» деген кезекті уәдесіне сенер сенбесін білмейтін халық, әлі де болса әкімнен қолдау күтіп отыр.
Шолпан Сәбитқызы «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Тұран-2 шағынауданындағы «Стандарт» тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі пәтер алған. «Мамырда қуана қоныстанып, жөндеу жұмыстарын аяқтағанымызды қайтейін, жаңа үйде инфрақұрылым мәселесінің бірі де шешілмеген»,- дейді ол.
Шолпан Сәбитқызы, «Тұран» шағынауданының тұрғыны: «Егерде үй дайын болмаса, неге пәтердің кілтін берді. Біз жалдап тұрған пәтерлерімізден кеттік, балаларымыздың мектебін ауыстырдық. Қазір енді несие төлеуіміз керек пе, не үйдің машақатымен жауаптылардың табалдырығын тоздыруымыз керек пе?».
Тұрандықтар суды үйлерін салған «ОңтүстікҚұрылысСервис» мекемесінің кезекті нысанындағы жүйеден тасып ішуде. Тұрғындармен кездесуге қатысқан мекеме басшысы, «бұл уақытша проблема, ауыз су мәселесін жақын арада шешеміз»,- дейді.
Әбдікерім Наурызхан, «СтарСтрой» ЖШС-нің директоры: «Су құбырына құжаттар бір емес 2 рет түзетілді. Қазіргі таңда «Су арнасы» оны қабылдаса, жұмыстарды жалғастырамыз, 10 күнде су береміз».
Ал ең сорақысы, су жүйесі тартылмаған кешеннің тұрғындары әжетін далаға барып өтеуге мәжбүр екен.
«Еш ұялатын жағдай емес, әжетхананы іздеп даланы кезіп кетеміз. Не жарық жоқ, не жол жоқ»- Тұран-2 шағынауданының тұрғыны Еркін Әлішев.
Айта кететін жәйт, «Стандарт» тұрғын кешенін «Оңтүстік Құрылыс Сервис» компаниясы инвестор ретінде өз қаражатына салған. Бірақ олар, инженерлік коммуникациялармен қамту мәселесін қарастырмаған. Сондықтан компания өкілдері, инфрақұрылыммен кешенді қамтамасыз ету бойынша тиісті мекемелерге хатпен шыққанын айтып отыр.
Виктор Махутин, «Оңтүстік Құрылыс Сервис» ЖШС -нің бас инженері: «Осы қыркүйек айының ортасында су жүйесі қосылуы тиіс болатын. Біз бұл жөнінде құрылыс басқармасына бір емес 3 рет хат жібердік, алайда осы күнге дейін жауап ала алмадық».
Шыдамы таусылған тұрандықтар жергілікті биліктен қолдау сұрап қалалық әкімдіктің алдына жиналды.
Тұрғындар: «Әкім шықсын, біз үйді тегін емес, сатып алдық. Айтсын, біздің мәселеміз қалай шешіледі. Несиеміз мойнымызда… Үйге су жүйесі , не электр жарығы тартылмағандықтан біз әлі жалға алған пәтерлерімізді тұрып жатырмыз. Оған және жаңа баспанамызға бірден ақшаны қайдан табамыз. Біздің жанайқайымызды тыңдайтын адам бар ма?».
«Ия қателік кеткен. Тұрғын үй кешенін салған инвестор, жобалық -сметалық құжатты әзірлеу және сараптамадан өткізу міндеті жүктелген. Мұны мен тиісті басқармаларға жеткіземін» деп ақталды кездесуге шыққан Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев.
Құрылысқа қатысты басқарма басшысы жауап беруге тырысқан да еді. Алайда шенеуніктердің құр уәдесіне тойған тұрғындар мәселеміз жергілікті жерде шешілмесе, президентке үндеу тастаймыз деп бекініп отыр.
Шынар Оразова