Түркістан облысының халқы 2 миллионнан асты

130

Жалпыұлттық халық санағының бірінші кезеңінде Түркістан облысында тұратын халықтың саны 2 003 479 адамды құраған. Бұл дайындық кезеңі маусым айында өткен.

Маңызды шараға облысынан 127 уәкіл, 50 нұсқаушы-бақылаушы және 352 интервьюер жұмысқа тартылған. Халық санағы екі кезеңмен жүргізіледі.

Екінші негізгі кезеңі 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында болмақ. Ал онлайн санақ 1 қыркүйек және 15 қазан аралығында өтеді. Онлайн санақтан өтпеген азаматтарды қамту үшін дәстүрлі жаппай аралау әдісі жоспарланған. Бұл санақ процесін жүргізу үшін Түркістан облысы бойынша 3 мыңға жуық азамат тартылады. Оның ішінде 400-ге жуық нұсқаушы-бақылаушы, 2500-ге тарта санақшы қызмет етеді.

Санақ жүргізетін интервьюердің мойнында көк түсті «Халық санағы» символикасы бар шарф, көк түсті сөмкесі, планшеті және Интервьюер екенін айшықтайтын бейдж-құжаты болады. Ол құжатта фотосуреті, аты-жөні, тиісті аумақтық статистика бөлімінің мөрі және нөмірі көрсетіледі. Ол нөмірді sanaq.gov.kz сайтындағы «интервьюерді іздеу» жолағына енгізу арқылы тексере аласыз.

Жанерке Хумар