Шымкент қаласында бүгін №104, №60 және №75 автобус бағыттары іске қосылды. Бұл жоспарлы кешенді схемасына сәйкес және қала халқының сұранысы бойынша жүзеге асырылып отыр,- деп хабарлады қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов @akimat_shymkent инстаграм парақшасында өткен тікелей эфир барысында.

Қала тұрғындары тарапынан көп көтерілетін сауалдардың бірі қоғамдық көлік мәселесі екенін айтқан сала жетекшісі тұрғындар сұранысы бойынша жыл басынан бері 15 маршрут жаңадан қосылып, 30-ға жуық автобустың бағытына өзгерістер енгізілгенін атап өтті.

Эфир барысында Ержан Жолдасов бүгін жұмысы ұйымдастырылған 3 автобустың жүрі бағыттарына тоқталып өтті.

Оның айтуынша, №104 бағыт «Қайтпас-1 ш/а – Оңтүстік ш/а» аралығына дейін қатынайтын болады. Онда қызмет көрсететін автобус саны 8, демалыс күндері 6 автобус. Аралық интервалы 18 мин, демалыс күндері -24 минутты құрайды. Ал, №60 бағыт Қазғұрт шағын ауданынан Темір жол вокзалы аялдамасына дейін келеді. Автобустардың қатынау аралығы 15 минут.

Іске қосылған үшінші бағыт №75. Бұл Тұран шағын ауданынан 11-ші шағын ауданындағы аялдамасына дейін келеді. Аталмыш маршрут бойынша автобус саны 6, демалыс күндері 4. Аралық интервалы 20-25 минутты құрайды.

Сонымен қатар, бүгін №9, 21, 56, 68 бағыттардың қозғалыс сызбасы қайта ұйымдастырылды. Атап айтқанда Шымсити шағынауданына қызмет көрсететін №9 бағыт «Автонұр» базарынан ОҚМУ аралығына дейін ұзартылды. Құрсай ш/а қатынайтын №21 маршрут «Рахима» плаза аялдамасынан «Қажымұқан» стадионына дейін қысқарды. Нұртас ш/а қызмет көрсететін 56 маршрут «Қырғы» базарына дейін созылса, Күншығыс шағын ауданының Пазиков көшесінен қатынайтын №68 маршрут қазіргі уақытта Б.Момышұлы және Түркістан көшесіне түспей, Тәуке хан даңғылымен Бейбітшілік көшесі арқылы Темірлан тас жолына түседі.

 

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі