Жүгіру жолдары қашан салынады?

77

Шымкентте спорттың ең қолжетімді түрі – жүгіру қалай дамуда? Бұқаралық спортты дамыту үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Қаламызда алдағы уақытта қанша спорт алаңдары пайда болмақ? Не себепті әуесқой спортшылар арнайы жабдықталмаған аумақта жүгіруге мәжбүр?

Дәулет Егембердиев жүгірумен 5 жылдан бері айналысады. 37 жастағы азамат күніне 10-12 шақырым жүгіреді екен. Жүгіру – қуат береді, сондай-ақ қиын жұмыс күнінен кейін миды демалдыруға көмектеседі дейді ол.

Дәулет Егембердиев: «Жүгіру кезінде эндорфин бөлінеді, иммунитет артады. Әсіресе, қазіргі карантин кезінде бұл өте маңызды. Сонымен қатар, қолжетімді, көлікке форманы, аяқ киіміңді салып қоясың, жұмыстан кел де жүгіре бер».

Шымкентте жүгірумен айналысатындар саны күн санап артуда. Соның бірі – Айдана Тұрысбек. Ол өзі жүгіріп қана қоймай, 70-ке жуық адамды жаттықтырады. Дұрыс жүгіру техникасын көрсетіп, қандай жаттығулар жасау керектігін айтады. Айдананың айтуынша, қазір Шымкентте жүгіретін жер жоқ. Арнайы жолақтар тек қала орталығынан алыс орналасқан дендропаркте және орталық стадионда ғана орналасқан.

Айдана Тұрысбек, жаттықтырушы: «Бізді стадионға кіргізбейді, өткен жылы жаз бойы стадионда жаттыққанбыз. Қазір тек дендропаркке бара аламыз. Карантинге дейін бізді стадионға кіргізетін, ал енді тек сыртын айналып жүгіреміз».

Ауа-райы жүгіретін жандарға жыл бойы сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік береді. Бірақ, оларға арналған жолдарды тек жаңа саябақтарда ғана салу жоспарланып отырған көрінеді. Ал қаланың орталығында орналасқан ескі бақтарға жүгіру жолы салынбайды. Алайда, спорт басқармасы бұқаралық спортты дамыту үшін спорт алаңдарын жабдықтауды жоспарлап отырмыз дейді.

Мақсат Орымбаев, Шымкент қаласының бұқаралық спорт және инфрақұрылым бөлімінің басшысы: «Қаламызда спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында 115 спорт алаңының құрылысы жүргізілуде. Олар Шымкенттің бірқатар аудандарында болады. Бүгінде 11 алаң пайдалануға беріледі. Оларда балалар мен ересектерге арналған жаттығу құралдары бар».

Қала тұрғындарының айтуынша, спортты дамытуда мәселелер бар. Кейбір спорт түрлеріне үгіт-насихат жетіспейді, ал басқалары мамандар мен жабдықтардың жетіспейтіндігіне шағымданады.

Ал Шымкенттік 4000-нан астам бала мемлекет тарапынан спорт үйірмелерінде дайындалуға мүмкіндік алған. Оларға қазіргі таңда спорттың 71 түрі қолжетімді. Балалар спортпен тегін айналысу үшін мемлекет қазынасынан 340 млн теңге бөлінген.

Гүлдана Дәурен