Жырға айналған үй жөнделетін болды

126

«Нұрсәт» шағынауданындағы №130 үйдің тұрғындары, жергілікті биліктегілер шатырымызды, баспанамызды жөндеп беруге көмектеспесе, тоғыз қабатты үйдің қирандылары астында қалатын түріміз бар»,- дейді.

Шағымданушылардың мәселесіне қаныққан қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов, ағымдағы жөндеу жұмыстарына қажетті 39,5 млн қаражаттың бөлінуіне ықпал ететін болды.

«Нұрсәт» шағынауданындағы №130 үйдің тұрғындары мәселемізді айтып бармаған жеріміз қалмады, жағдайымызды түсініп жанашырлық танытар ешкім болмады. Соңғы үмітімізді халық қалаулыларына артып отырмыз дейді. Айтуларынша іргетасы қаланғанына он жыл болмаған тоғыз қабатты үйде, бүгінде тұрудың өзі қауіпті болып тұр.

Халида Рысбекова , №130 үйдің тұрғыны:»Барлығы  үйден көшіп,  пәтерлерін  квартиранттарға беріп жатыр. Өйткені, тұруға мүмкін емес. Төбеден аққан судың салдарынан электр жарығы  үнемі өшіп қалады,  жылу жүйесі мүлдем  істемейді. Тәуелсіз бағалаушылар бұл үй  жедел  жөндеуді қажет етеді деп бағасын берді».

Бәйдібек би көшесінің бойындағы бұл көпқабатты үйдің мәселесіне қалалық тұрғын үй басқармасы әбден қанық. Басқарма басшысы, тұрғындар тарапынан шағым түскеннен бері үйдің ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржының бөлінуін күтіп, оның құжаттарын дайындадық деп отыр.
Азамат Рысжанов, Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы басшысы:»Бұл  № 130 үй «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы  аясында 2012 жылы  салынды, пеноболктан.  Ия, төбесінен су ағады, жер төлесін ,подъездегі қабырғалар жөндеуді қажет етеді.  Жөндеу жұмыстарына  39,5 млн қажет. Осы уақытқа дейін  тұрғын үйді ағымдағы жөндеуден өткізу бойынша жобалық-сметалық құжатын әзірледік»

3 баланың анасы Индира Мәмбетбаева қабырғалары шұрқ тесік, ылғалданған пәтерде 2013 жылдан бері тұрып келеді. Төбеден аққан судың салдарынан электр жарығы екі бөлмесінде жоқ. Баспаналы болуын болдық – ау, бірақ әлі үйдегі жылуға жарымадық дейді асыраушысынан айрылған әйел.
«Жарық жоқ. Алда қыс  келеді. Бөлмеде жылу болмаса да, түбіртек бойынша 30 мың теңге төлеймін. Не үшін?  Балаларым көп ауырады, электр құрылғыларын қойып бөлмелерді жылытамын» дейді  Индира Мәмбетбаева.

Дәл осындай жағдайда өзге де пәтер иелері тұрып жатыр. Шұрқ тесік шатырға бір, ажыраған қабырғаға бір қарап, қауіп қайдан келер екен деп жандарын шүберекке түйіп отырған тұрғындар, жанайқайын халық қалаулыларына жеткізген. Аз қамтылған отбасылардың тұрмысымен етене танысқан депутат ғимаратты жөндеуге бюджеттен қаражат бөлуге ықпал ететінін айтты.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы:»Осы бір екі күнде сессия болады. 39 млн теңгені бөлуге   сауал жасап, депутаттармен бірге көмектесуге тырысамын. Қарашада бастап өздеріңіз басында болып құрылыс барысында қадағалаңыздар».

Қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының айтуынша сапасы сын көтермейтін үйде ағымдағы жөндеу жұмыстары биыл қарашада басталмақ. Ал тұрғындар болса алдағы жауын шашын кезеңінде шатырды жөндеу қалай жүргізіледі екен деп уайымдап отыр.

Шынар Оразова