Шымкентте Репродуктивтік медицина институтында айтулы іс-шара өтті. Онда ЭКҰ әдісінің тарихынан ақпар беретін, мекеменің құрылу қызметіне арналған көрме ұйымдастыралды. Сондай-ақ, атаулы көрме ЭКҰ әдісімен дүниеге келген алғашқы қазақстандыққа арналып отыр.
Шымкентте Репродуктивтік медицина институтының құрылу қызметіне арналған «ИРМ — армандар орындалады» атты көрме өтті. Елімізде «Аңсаған сәби» президенттік бағдарламасының аясында ЭКҰ әдісінен кейін 25 мың бала өмірге келген.
Сонымен қатар, іс-шара ЭКұ әдісімен дүние есігін ашқан алғашқы қазақстандықтың 25 жасқа толуына орай ұйымдастырылып отыр екен.
Әсел Есенғұлова, Репродуктивтік медицина институтының репродуктология бөлімінің меңгерушісі: «Біздің орталықтарымыз соңғы технологиядағы жоғарғы дәрежедегі әйелдер бедеулігімен қоса, ауыр түрдегі ерлер бедеулігін осы емдеу жолында қызмет атқарып жатырмыз. ЭКҰ бағдарламасы қазіргі таңда барлық бағдарламалармен есептейтін болсақ, орта есеппен 800 мың теңге. Бірақ та жаңа айтып жатырмыз ғой, біздің мемлекет Президент қолдауы бойынша осы ЭКұ бағдарламасы әрбір екінші ерлі-зайыптыларға қолжетімді болып отыр. Ол квота тегін».
Осыдан 26 жыл бұрын Алматы қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығында алғашқы ЭКҰ зертханасы ашылған болатын. Сол кезде 5 адамнан тұратын мекеме қазіргі таңда 300-ден астам қызметкер жұмыс істейтін орталыққа айналды. Осы уақыт аралығында репродуктивті технологияның көмегімен сәбилі болған талай ата-ана дәрігерлерге алғыс білдірген.
Нағима Ерланова, ата-ана: «Осы жердің дәрігерлеріне үлкен рахметімді айтамын. Мен сияқты келіншектерге көп қол ұшын тигізіп жатыр. Осы жерге келіп емделсеңіздер болады. Біз сияқты балалы бола алмай жүргендерге көп көмегін тигізіп жатыр».
Мекеменің елімізде 3 дербес клиникасы бар. Соның бірі 1 жарым жыл бұрын Шымкент қаласында ашылды. Ондағы мамандардың айтуынша бүгінгі күнге дейін 1000-ға жуық ата-ана ЭКҰ бағдарламасына жүгініп, 100-ден астам сәби жарық дүние есігін ашқан.
Сонымен қатар, соңғы кездері мұнда келіп айтулы технологияның көмегіне жүгінушілер қатарында шетелдік азаматтардың саны артқан.
Әлихан Файзханов