Шымкент қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы ағымдағы жылы атқарылған жұмыстарға шолу жасады. Басшының сөзінше Шымкент қаласы баға тұрақтылығы бойынша 17 өңірдің арасында алдыңғы орында тұр.
Шымкент қаласында ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 5 бағытта жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы мәлімдеді.
Асқар Қаныбековтің сөзінше, басты мақсат – халықтың өзін-өз жұмыспен қамтуын қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру. Осы бағытта «Іскер қала» бағдарламасы қолға алынып отыр.
Асқар Қаныбеков, Шымкент қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы: «Тиімді және сұранысы бар алқаптар бар. Соған байланысты біз 10 соттыққа қанша табыс табуға болады бизнес планын жасадық. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес «Іскер қала» бекітілді. 1-2 пайыздан 10 жылға кез-келген адам кредит алуға мүмкіндігі бар. Біз келесі аптадан бастап бүкіл 4 ауданға семинар өткізіп, үйрететін боламыз».
Сонымен қатар, басқарма басшысы қалада сапасыз көкөністер сатып жатқандарға арналған тексеріс жөнінде де мәлімдеді. Тексеру жұмыстары арнайы мамандармен бірігіп өткізіледі. Асқар Қаныбеков мұндай мәселе анықталған жағдайда айыппұл салынатын ескертіп өтті.
Асқар Қаныбеков,Шымкент қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы: «Осындай жағдайлар болса, бізге хабарлассаңыздар. Біздің басқарма тарапынан тексеріліп, штраф санкциялары бар штраф салынады. Одан бөлек СПК қызметкерлері аралап қарайды. Бағасын тексеріп, сапасын қарайды».
Алдағы уақытта тұрғындар мал дәрігерін іздеп сабылмай, өзіне керек қызмет түрлеріне арнайы қосымша арқылы қол жеткізе алады. Сондай-ақ, 2 апта көлемінде жаңа технологиямен жасалған «гидропоника» жобасы іске қосылатын көрінеді.
Гүлдана Дәурен