«Қазақстанда несие алудың қажеті жоқ». Осылай деген экономист Мақсат Халық елдегі пайыздық мөлшерелеме тым жоғары екенін айтады. Алайда өткен жылғы статистикаға сүйенетін болсақ, еліміздегі экономикалық белсенді 9 млн 230 мың адамның, 7 жарым миллионы кредит төлеп отыр. Жалпы банктен қарыз алуды жоспарлап жүрген ҚР азаматтары не білуі керек?
Несие алып, ұтылмас үшін келісімшартты толық оқу керек. Әйтпесе, банктің тұзағына түсіп қалуыңыз мүмкін. Осылай деген белгілі экономист Мақсат Халықтың айтуынша, кей жағдайда түсініксіз әрі кіші шрифтпен жазылған қағазда жасырын пайыздық мөлшерлеме болады. Мысалы, «жылдық инфляция 10 пайыздан жоғары болса, банк сіздің несиеңізді қайта қаржыландыруға жібереді». Яғни, сіздің несие пайызыңыз алған кездегідей емес инфляцияның өсуіне байланысты жоғарылап отырады. Сондықтан аса сақ болу керек дейді.
Ал үшінші мегапоис тұрғындарының несиеге деген көзқарасы қандай? Шымкенттіктер кредит алуды құп көре ме?
«Кредиттен қысылып кредит төлей алмай жатқан адамдар қаншама? Қаншама үйден айырылып қалып жатыр. Мынадай заманда кредит алудың мүлде қажеті жоқ»
«Лажы болса алмаған дұрыс. Өзім алдым, бірақ барлығын жауып тастадым».
«Шариғат жағынан дұрыс емес қой негізі. Өзімнің кредитім жоқ. Дұрыс емес деп санаймын».
Бізге кездескен тұрғындардың барлығы несие алудың дұрыс емес екенін жеткізді. Бірақ кейбірі «амалдың жоғынан алуға мәжбүрміз» дейді. Ал 17 жасар мектеп оқушысы Серік Бекзат «қандай қиындыққа тап болсам да несие алмауға тырысамын» деп бел буыпты. Алайда қазір өзгенің атын жамылып оңай олжаға кенелгісі келетіндер көбейген дейді ол.
Серік Бекзат, тұрғын: «Қаржылық алаяқтар дейді ондайларды. Менің бір танысымда болған сондай жағдай. Банктен хабарласқан сізде кредит бар деген. Ал негізі ол 50 000 теңге крдеит алған екен. Ол полицияға жүгінде, прокоротураға жүгінді бірақ ешқандай мәселе шешілген жоқ».
Экономист те мұндай интернет алаяқтарынан сақ болу керек екенін жеткізді. Айтуынша, олардың бір тобы өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырады, әрі телефоныңызға келген смс кодты айтып жіберуді өтінеді. Бірақ, оған жол бермеу қажет дейді.
Тіпті ол расында банк өкілі болса да мұндай ақпарат сұрауға құқығы жоқ екен. Ал жеңіл жолмен ақша тапқысы келетіндердің енді бірі телефон қосымшасы арқылы жеке мәліметтерге қол жеткізеді. Яғни, сізге хабарласып смартфоныңызға бір қосымшаны жүктеуді сұрайды. Ал оны орнатқан бойда телефоныңыз мүлде жұмыс істемей қалады екен.
Мұндай жағдайға ұшыраған адам бірден банкке барып, несиені өзі алмағанын дәлелдеу керек екен.
Мақсат Халық, экономист: «Егер банк тарапы сізге дұрыс қызмет көрсетпесе, онда қаржылық қадағалау агенттігі бар. Осы қаржы нарығында зардап шеккен тұтынушылармен жұмыс істейді, құқығын қорғайды. Соларға барып арыз-шағым білдірсеңіз болады. Оларды тиісті іс-шаралар қабылдайды. Ал одан да нәтиже шықпай жатса, онда сол банк бөлімшесі орналасқан сізге несие рәсімделген аймақтағы сотқа барып арыз берсеңіз болады».
Бүгінде қаржылық сауатты болу маңызды деген экономист өз ақшаңды есептеп үйрену керек екенін айтады. Сонымен қатар, бір айда төлейтін несие көлемі- жалақыңның 30 пайызы ғана болуы тиіс дейді ол.
Мөлдір Ибадуллаева