Е. Жұмаханбетов: Қылмыс саны 5 пайызға ғана өскен

50

Шымкентте жалпы қылмыстың саны 5 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш өткен жылдарға қарағанда едәуір жақсы. Арнайы брифингте осылай деген Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы, бұл көрсеткішті төмендетіп алмау қажеттігін айтты.

Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов соңғы 3 жыл көлемінде бірқатар қылмыстар 100 пайыз ашылғандығын айтады. Олардың қатарында ауыр және аса ауыр санаттағы кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр жарақат салу, зорлау, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған зорлық және жас балаларды азғындық жолға итермелеу бар.

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қаласының Полиция департаментінің бастығы: «Жалпы қылмыстың саны 6548-ден 6907-ге көбейіп, небәрі 5%-ға өсу тенденциясы орын алды. Оған себеп, былтырғы жылы төтенше жағдай кезінде қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 2781-ден 1353-ке немесе -51%-ға едәуір төмендеп кетудің салдарынан болып отыр».

Алдағы уақытта қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қалада бейнекамералар іске қосылатын болады. Бүгінде олардың 857 -сі 355 мекен-жайға қойылған.

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы: «Қылмыстың алдын алу мен ізін суытпай ашуда «Шымкент қаласы – қауіпсіз қала» аясында әкімдіктің қолдауымен көшелер мен көпқабатты үйлердің аулаларына 3740 бейнекамералар орнату жылдың соңына дейін жоспарланған. Оның ішінде 2240 жол қауіпсіздігін қадағаласа, 1500 қоғамдық қауіпсіздік қауіпсіздікті қадағалайтын болады. Осы камералар 120 көше қиылыстарына 1440 камера, көшелердің бойына 200 орынға 800 камера, халық көп шоғырланатын орындар мен үй аулаларына 1500 камера орнату жоспарланған болатын».

Департамент бастығының мәліметінше биыл бірнеше қылмыс түрінің саны азайған. Оның ішінде орта дәрежелі қылмыстар — 4%, кісі өлтіру — 22%, қарақшылық — 28%-, тонау -11%, бөтеннің мүлкін ұрлау -14%-ға төмендеп отыр.

Дегенмен, Ералы Жұмаханбетов мемлекеттік қызметкерлер арасындағы жемқорлық фактілерінің әлі де азаймай отырғанын да атап өтті.

Гүлдана Дәурен