Халал өнімдер жәрмеңкесі өтті

98

Шымкентте «HALAL EXPO 2021» жәрмеңкесі өтіп жатыр. Аталмыш іс-шара отандық және шетелдік кәсіпорындарға өз өнімдері мен қызметін ұсынуға мүмкіндік береді. Халал өнімді насихаттау мақсатындағы көрмеге 50-ге жуық кәсіпорын қатысып жатыр.

Шымкентте отандық және шетелдік кәсіпорындарға өз өнімдері мен қызметін ұсынуға мүмкіндік беретін «HALAL EXPO 2021» жәрмеңкесі өткізілуде. Кәсібінен нәсіп тауып отырғандар көрме аясында халал өнімді халыққа кеңінен ұсынды.

Бағдат Шылмырзаев, жеке кәсіпкер: «Тәттім» деген Сарыағаш медресесіне қарасты, бірақ осы цехымыз Шымкент қаласында. Бұның ерекшелігі бұдан түскен табыс қайырымдылыққа жұмсалады, балалар оқып жатыр ғой, құран жаттап елімізге, дінімізге қызмет жасайтын солардың тамағына жұмсалады және қайырымдылық мұқтаж жандарға жәрдем береміз. Бұны сатып алған кезде бір жағы сауап, бір шетінен тамақ болады».

Көрмедегі іс-шараға бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, адал асты насихаттап жүрген кәсіпкерлерге алғыстарын білдірді. Олар бұл жәрмеңкенің тұтынушыларға халал өнімді тікелей өндірушіден нарықтық бағадан төмен алуға таптырмас мүмкіндік екенін атап өтті.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти: «Барлығымызға белгілі қазақ әрқашан адал асқа ерекше көңіл бөлген. Өйткені, адал ас арқылы сөзіміздің түзелуі, біздің ойымыздың түзелуі, біздің ғибадатымыздың, құлшылықтың қабыл болуы шариғатымызда айтылып кеткен».

Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде 700-ге тарта кәсіпорын халал сертификатына ие болған. Бүгінгі көрмеде соның 50-ге жуығы қатысып отыр. Сонымен қатар, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сынды мемлекеттерден де кәсіпкерлер келіп, өнімдерін халыққа ұсынуда.

Әлихан Файзханов