Қазақстанда «Нелегал Кордон» арнайы операциясы жүріп жатыр

162

Қазақстанда «Нелегал Кордон»арнайы операциясы жүріп жатыр. Тәртіп сақшылары көші-қон заңнамасын бұзушыларды анықтауда. Еліміздің аумағында заңсыз жұмыс істейтіндер де ұсталуда. ІІМ брифингінде жол қозғалысы ережелерін бұзу туралы да айтылды.

Қазақстанда тәртіп сақшылары «заңсыз мигранттармен» күрес жүргізуде. Тек Түркістан облысында, әртүрлі құрылыс нысандарында құжатсыз, яғни заңсыз жұмыс істеген 98 шетелдік анықталған. Ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, осындай фактілер Шымкент, Ақмола, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында да тіркелген.
Нұрділда Ораз, ҚР ІІМ ресми өкілі: «ІІМ-де еңбек қатынастарында тиісті көші-қон бақылауын және азаматтарымыздың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жандандырылды. 11 қазаннан бастап елімізде «Заңсыз Кордон»аймақтық операциясының екінші кезеңі өткізілуде. 12 мыңнан астам көші-қон заңнамасын бұзушылық анықталды».

Елде заңсыз жұмыс істеген шетелдіктерге қатысты 3 мыңнан астам факт анықталды. Басқа мемлекеттердің 9 мыңға жуық азаматы біздің республикамызда болу мерзімін бұзған. 4,5 мыңнан астам адамға полицияға келген шетелдіктер туралы уақтылы хабарламағаны үшін айыппұл салыныпты.

Министрліктің мәліметінше біздің азаматтар оңай пайда табу үшін шетелдіктерге тұрғын үй береді немесе тіпті заңсыз мигрантқа көмектеседі.

Өткен аптада Қостанай облысындағы сот Ауғанстанның екі азаматын түн жамылып, өткізу пункттерін айналып өтіп, мемлекеттік шекара арқылы Ресейге өткізуге тырысқан қазақстандықты соттады. Сонымен қатар, қазақстандықтар заңдастырудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда және шетелдіктердің біздің еліміздің аумағында болуына рұқсат алуда.

«Алматыдағы бір пәтерде  тіркелген 7 серіктестік анықталған, олар ешқандай қызметті жүзеге асырмаған, салықтар мен бюджетке төлемдер төлемеген, алайда осы заңды тұлғалардан бірінші басшылар ретінде шетелдіктерге 16 виза ресімделіпті. Аталған факті бойынша тергеу басталды», дейді спикер.

Брифингте жол ережесін бұзушылар туралы да айтылды. Министрлік өкілі берген мәліметке сәйкес, Қазақстанда 2 мың 700 адам өмір бойы жүргізуші куәлігінен айырылған. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары хабарлады.

Серік Түсіпов, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары: » Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзушылықтарға қатысты, жыл басынан бері Ішкі істер органдары көлікті мас күйінде басқарудың 18 мыңға жуық фактісінің жолын кесті. 2020 жылдан бастап көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 7 жылға құқықтан айыру және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу қарастырылған. Бұдан басқа, автокөлікті мас күйінде басқарған, бұрын мұндай құқықтан айырылған немесе ЖКО жасаған жағдайда жүргізуші құқығынан өмір бойына айыру көзделген. Бүгінде 2,7 мыңға жуық жүргізуші өмір бойы құқығынан айырылды».

Жол апаттарының басым бөлігі — жылдамдықты асыру болып отыр. Ол барлық құқық бұзушылықтардың 37 пайызын құрайды. Екінші орында — белгілер мен таңбалардың талаптарын бұзу тұр. Олардың үлесі 26 пайыз, яғни, жол қозғалысы ережелерін бұзудың әрбір төртінші жағдайы.

Сондай-ақ, қазақстандық жүргізушілер көлік құралдарын пайдалану ережелерін, сыртқы жарық құралдарын пайдалану ережелерін бұзады екен. Және жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін, тоқтау немесе тұру ережелерін де сақтамайды.

Шынар Оразова