Сайрамдық коллекционер шатырын үлкен көрмеге айналдырған. Оның коллекциясында 70 жылдық тарихы бар көне құралдар да бар. Көне жәдігерді жинауды отбасылық әуес іске айналдырған кейіпкер туралы бейнесюжетте.
Елеусіз жатқан кеңестік кезеңнің техникалары Наргиза Ерназарованың қызығушылығын оятқаны соншалық, ол жинауды әуес іске айналдырған. Оның коллекциясында 1000-ға жуық жәдігер бар. Мұның бәрін тастауға қимаған коллекционер үйге сыймаған заттарды шатырға орналастыруға мәжбүр болған. Ол үшін үй шатырын арнайы музейге айналдырыпты.
Наргиза Ерназарова, көне заттарды жинаумен айналысатын коллекционер: «Бұл коллекцияны жинау бірнеше ондаған жылдар бұрын басталған. Кейбір көне жәдігерлер тек музейлерде ғана болуы мүмкін. Оннан көп теледидарлар бар, радио, кассеталар бар».
Наргиза Равшанбекқызы әрбір жәдігерге асқан ұқыптылық таныту керектігін айтады. Солардың бірі 60-70 жылдардағы музыкалық аспап. Ерекше күтімнің нәтижесінде бұл заттың әлі күнге дейін сапасы сыр бермеген. Отанасы күйбең тірліктен шаршағанда аспапты іске қосып тыңдау арқалы демалатынын айтады.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз бұл коллекцияны тек қызығушылық үшін жинамаған. Сөзінше, жәдігерлердің терең тарихын жастарға дәріптеу басты мақсатым дейді. Осы жолда әлі де коллекциясының көлемін ұлғайта беретіндігін айтады.
Аида Қарсыбайқызы