Шымкентке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшесі Ғалым Байтук келді. Билеуші партия мүшесінің назарына, әлеуметтік желідегі «ақысын төлесеңіз, мемлекеттік қызмет түрлерін жылдам жасап береміз» деген жарнама іліккен. Қоғамдық кеңес мүшесі жалпы бұл мәселе тұрғысында не деді?
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшесі Ғалым Байтук, шара барысында қызмет алушылардан орталықтың жұмыс сапасына қатысты пікірін сұрады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшесі Ғалым Байтук, әлеуметтік желіде «мемлекеттік қызмет түрлерін жылдам жасап береміз, бірақ ақысын төлесеңіз» деген жарнаманы көзі шалған. Дегенмен жергілікті мамандандырылаған ХҚКО қызметкерлері мұндай жағдайдың болуы мүмкін емес дейді.
Ғалым Байтук, «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшесі: «2 күн бұрын әлеуметтік желіде «мемлекеттік қызметті ақысын төлеп жылдам алыңыз» деген сынды жарнама көрген едім. Сол жарнама берушілердің номеріне хабарласып, анықтағым келген еді. Бірақ Шымкент қаласы бойынша мұндай жарнамаларды кезіктірмедім. Олар бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының келетіні туралы хабардар болған сияқты. Өйткені қазір ешқандай да бұл мәселеге қатысты жарнамалар жоқ».
Кеңес мүшесінің сөзінше, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін цифрландыру мәселесіне көбірек ден қойып, халыққа қызмет көрсету орталықтарының санын арттыру қажет.
Ғалым Байтук, «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшесі: «Халық санының өсуіне байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарын да көбейту керек. 5 жылдың ішінде цифрландырудың арқасында кез келген мемлекеттік қызметті смартфон, компьютер арқылы алатын жағдайға жете аламыз деп ойлаймын. Ол уақытқа дейін аталған мекемелердің саны азайып, қызметкерлер саны қысқарып, тіпті робототехникалар да жұмыс істеуі мүмкін».
Шара барысында партия мүшелері азаматтардан орталықтарда сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселелер туындаған жағдайда, оны ашық айтуға шақырды. Себебі заңсыздықтар туралы ашық хабарлау, өз кезегінде жеңі ұшына жалғасқан жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізеді.
Айта кетейік, арнайы келген делегация сапар барысында бірнеше мамандандырылған ХҚКО-дарын аралап көрді. Мамандардың айтуынша, орталықтардың жұмысында атап айтарлықтай кемшіліктер табылған жоқ.
Диана Біржанова