Түркістан облысында биыл пайдалануға берілуі тиіс мектеп құрылысы әлі аяқталған жоқ. Сондықтан әлі күнге атауы жоқ елді-мекеннің оқушылары көрші ауылға қатынап оқуда. Құрылысы былтыр басталған білім ошағының әзірге дейін қабырғасы қаланып, сонымен тоқтап қалған. Шенеуніктер бұған өздері жалдаған мердігерді кінәләйді. Аты жоқ ауылдағы заты жоқ мектептің бүгінгі күйі қалай?.
Қазығұрт ауданындағы атауы жоқ бұл ауыл 15 жыл бұрын пайда болған. Өзбекстаннан келген қандастар өздері Атажұрт деп атап кеткен. 200-ден астам отбасы бар үлкен ауылда білім ордасы болмағасын, былтыр жергілікті билік 100 орындық мектеп құрылысын бастаған. Жоспар бойынша қыркүйекте аяқталып, оқушылар жаңа оқу жылын осында бастауы тиіс еді. Бірақ, елді қуантқан құрылыс тоқтап қалған.
Бектемір Райымқұлов, Қазығұрт ауданының тұрғыны: «Істеген халық ақшамызды алмадық деп айтып жатыр. Ол анық естігеніміз. Көрші ауылдың балалары істеген біз айлық пұлымызды алған жоқпыз дейді. Былтыр бірінші этаждан істеді осы жердің балалары».
Ал, мұндағы 200-ден астам оқушы көрші Айнатас ауылындағы мектепке автобуспен қатынап оқиды. Бірақ, оқудан тыс түрлі үйірмелерге көлік қарастырылмаған соң, 3 шақырым жерге жаяу қатынауға мәжбүр. Екі ортадағы жолдың жазда шаңы шығып, күз-көктемде балшыққа батып жатады. Одан қалса оқушылар үлкен өзенді кешіп өтуі керек.
Гүлчехра Боранова, Қазығұрт ауданының тұрғыны: «Таң азанда автобус 3 рет келеді, дайындық класын алып кетеді енді бөліп-бөліп әкетіп жатыр карантин болғаннан кейін. Түстегісі де сондай. Кешке таманғысы солай әкеп берген кезде қараңғы боп жатыр. Ертең қыста қараңғы болады. Ол кезде лайға, қарға батып келеді. Су боп келеді, сосын ауырады».
Ал, білім ошағын салуға әу баста тапсырыс берген аудандық құрылыс бөліміндегілер енді құрылысқа жауап бере алмаймыз дейді. Себебі, құны 524 миллион теңгеге бағаланған жоба биыл облыстық құрылыс басқармасының есебіне өткен. Оның үстіне мердігерді де таңдаған облыстың өзі деп отыр.
Нұрсұлтан Медеуов, Қазығұрт аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы: «Бүгінгі таңда ақшасы келесі жылға өтпелі болуына байланысты мен нақты айта алмаймын. Өтпелі болуына байланысты егерде 2022 жылы толық қаржысы қаралып жатса онда 1-ші қыркүйекке береді толық қаржысы қаралған жағдайда ғана. Қаралмаса біз жауап бере алмаймыз».
Ал, сақалды құрылысты қадағалауы тиіс облыстағы атқамінерлер мердігерге көк тиын да татырмаймыз дейді. Өйткені, құрылыс материалдары сапасыз, жұмысы да шала екен. Сондықтан енді мердігер компаниямен соттаспақшы. Егер іс сотқа дейін барса биыл берілуі тиіс мектеп құрылысы келесі жылы да бітпейтін сияқты.
Бек Әбиев