27 қазан күні кешкісін әлеуметтік желіде «Нұрсәт сити» сауда үйінің жанып жатқаны туралы бейнеролик тараған еді. Оқиға орнына жедел арада төтенше жағдай қызметкерлері жетіп, өрт ауыздықталды. Қазір өрттің шығу себебі анықталуда.
27 қазан күні кешке әлеуметтік желіде тараған «Нұрсәт сити» сауда үйінің өртенуіне байланысты Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаманті шұғыл баспасөз жиынын өткізді. Департамент бастығының айтуынша, Түнгі сағат 22:07-де 101-пультіне сауда үйінен өрт шыққандығы туралы хабарлама келіп түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 7 минутта жетіп, тілсіз жау 22:40та толық сөндірілген.
Мадияр Жақсыбаев, Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы: «Оқиға орнында ауданы шамамен 50 шаршы метрді құрайтын сауда үйінің сыртқы қаптамасы жанғаны анықталды. Өрт сауда үйінің ішіне кірмеген. Учаскелерді сумен жабдықтау 50 м қашықтықта орналасқан өрт гидранттарынан жүзеге асырылды. Жалпы кешегі өрт бойынша Шымкент қаласы ТЖ департаментінің 26 қызметкері жұмылдырылып және 6 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Және апаттар медицинасы орталығы филиалының 1 бригаласы, полиция департаментінің 3 қызметкері мен 5 техникасы, электр желісінің авариялық қызметінің 1 бригадасы тартылды».
«Нұрсәт сити» сауда үйінің сыртқы қаптамасы жанған. Өрт аумағы шамамен 50 шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта келтірілген залалдың себептері мен мөлшері анықталуда. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ».
Алдын ала болжам бойынша өрт – электр сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан болған. Оқыс оқиғаның нақты себебі анықталуда.
Мадияр Жақсыбаев, Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы: «Жалпы кешегі «Нұрсәт сити» сауда үйі өткен жылы 20 желтоқсан 2020 жылы мемлекеттік қабылдау актісінен өткен. Департамент тарапынан биылғы 1 наурыз айында есепке алдық. Өкінішке орай, ҚР Президентінің мораторийіне байланысты біз тек есепке алдық. Мораторий біткен соң міндетті түрде өрт-техникалық тексеру жүргізіледі».
Жалпы Шымкент қаласы бойынша ағымдағы жылдың 9 ай ішінде 131 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылға қарағанда 11,4 пайызға аз. Осы уақыт аралығында 546 нысанға тексеріс жүргізілген. Оның ішінде 328 нысанға ескерту жасалып, 74 нысанға айыппұл салынған. Мемлекет бюджетіне түскен айыппұл көлемі 4 млн. 397 мың теңгені құрайды.
Гүлдана Дәурен