Шымкент жылдан жылға көркейіп келеді. Қала аумағын жасыл желекке айналдыру, көгалдандыру бағытында ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Алдағы бес жылда мегаполисте 4 саябақ, 23 гүлзар салу жоспарда.
Биылдың өзінде қаланың өндірістік аймағына шыға берістегі қоқыс полигонының орнында жаңа саябақ салынуда. Келер жылы 12-ші шағынауданда тұрғындардың демалуына арналған саябақ бой көтерсе, «Шымсити» шағынауданында көлемі 47 га жаңа саябақтың іргетасы қаланады.
Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда шаһар аумағында 8 саябақ,39 гүлзар бар. Демалыс аймақтарының барлығына арнайы қызметкерлер күн сайын ерекше күтім жасайды. Адиша Бектұрғанованың бұл салада жұмыс істеп келе жатқанына 6 жылдан асыпты. «Еш өкінбедім, таза ауа, табиғат аясында сүйікті қаламның көркеюіне үлес қосудамын», дейді ол.
Адиша Бектұрғанова, «БИЛД СТРОЙ» ЖШС-нің жұмысшысы: «Алғаш келгенде, бұл жерде онша емес еді. Қазір қатты өзгерді. Әдемі, сұлу саябаққа айналды. Бұрын тұрғындар қоқысты тастап кететін, қазір бір-біріне ескерту жасап, біздің еңбегімізді бағалайды. Әсіресе, өзге ұлт өкілдері келіп, шаршамаңыздар, үлкен рахмет деп айтып кетеді».
Мухаббат Шукуралиева «Жеңіс» саябағына немерелерімен жиі келіп тұрады. Келген сайын жаңашылдықтарды көріп қуанамыз» дейді тұрғын.
«Күшті, жайлы. Немерелерімді мектептен алған бойы паркке келеміз. Мұнда жаттығу спорт құрылғылары бар. Балаларымызбен қосылып бізде жаттығу жасаймыз».
Демалыс аймақтарының қатарын толықтыру бағытында қала әкімдігімен жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Биыл «Фиркан сити» сауда–ойын-сауық орталығына қарама қарсы бетте бұрынғы қоқыс полигонының орнынан салынып жатқан жаңа саябақтың құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.
Нұрсұлтан Кенжебаев, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары: «Келесі жылы 12-шағынауданда 1,6 гектар аумақты құрайтын тағы бір саябақтың құрылысы аяқталады. «Шымсити» шағынауданынан 47 гектар аумаққа саябақ салынады. Ол көлемі жағынан шаһардағы дендросаябақтан кейінгі екінші үлкен парк болады».
Шымкент қаласының әкімінің хаттамалық тапсырмасына және шаһарды көгалдандыру мен көріктендіруге байланысты жасалған арнайы бағдарламаға сәйкес 2025 жылға қарай шаһар аумағында қосымша 23 гүлзар, 4 саябақ салынады.
Шынар Оразова