Шымкентте жаға ұстатар жағдай орын алды. Қаладағы қоқыс жәшігінен жаңа туылған нәрестенің өлі денесі табылды. Өз анасы өзегінен тепкен бейкүнә шарананы Т. Рысқұлов көшесіндегі мейрамхананың алдына тастап кеткен. Аталған іске қатысты тергеу-тексеру амалдары басталды.

Шымкентте Т. Рысқұлов көшесінде қоқыс жәшігінен жаңа туылған нәрестенің өлі денесі табылды. Шарананы «Нұра» мейрамханасы алдындағы контейнерден қалдықтарды жинауға келген қоқыс жинаушы тауып алған. Айтуынша, алғаш көргенде абдырап қалып, пакетке оралған сәбиді сасқанынан телешкіге лақтырып жіберген. Кейіннен ғана адам баласы екеніне көзі жетіп, маңындағыларға айтқан.

Ержан Байтасов, «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-нің қоқыс жинаушысы: «Контейнерді құлаттым. Қоқыстарды артып жатсам, бір кезде күректің басы кірмей қалды. Сөйтіп,күректі алдым да, ішінен бір пакет шықты. Ішінде бірнәрсе бар екен, ұстасам ет сияқты болды да. Аштым, ашсам шақалақ, алдым да лақтырып жібердім. Қасымдағыға «Көке, шақалақ» деп айттым. Кейін өзім біртүрлі болдым да, қайтып секіріп шықтым телешкіге. Кейін бәріне айттым шақалақ екен деп. Кіндігімен тұр екен».

Куәгердің айтуынша, сәбиді анасы түнде тастап кетуі әбден мүмкін. Өйткені, оны тапқан сәтте үсті-басы көгеріп кеткен. Оқиға орнына полиция қызметкерлерінің шұғыл-тергеу тобы келіп, мәйітті сараптамаға алып кетті. Қазіргі уақытта іске қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Мөлдір Бекеева, Шымкент қаласының Полиция департаменті Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы: «Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 100-бабымен (Жаңа туған баланы анасының өлтіруі) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу құпиясын сақтау және оны қамтамасыз ету мақсатында жария етуге жатпайды».

Жақын маңда істеп тұрған камералардың бірін ақтарып көрдік. Бірақ ол жерден бұл іске кімнің қатысы бар екенін анықтау мүмкін болмады.

Ал мамандар көп жағдайда үйінен жырақтап, қалаға оқу үшін келген қыздар арасында осындай жағдайлар орын алып жатады дейді. Сонымен қатар, егер әйелдің аяғы ауыр болып, босанып жатса, бөбектер үйі кез келген сәбиді қамқорлығына алуға дайын екенін айтады.

Гүлмира Мирюсупова, Шымкент қаласы мамандырылған бөбектер үйінің дәрігері: «Мамандандырылған бөбектер үйінде 4 жасқа дейінгі балалар тәрбие алып жатыр. Бұл жерде мамасының арызы бойынша қалады, одан кейін толық мемлекеттік қамқорлыққа алынады. Жүкті әйелдер емес, туған әйелдер арасында болған ондай жағдай. Ол кезде баланы алып, полицияны шақырып, акт жазып, келешекте құжаттарын өздеріміз туралаймыз».

Нәрестенің қашан және неден қайтыс болғаны анықталуда. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері сәбидің анасын іздестіріп жатыр.

Әлихан Файзханов