Шардаралық тұрғын «ақша берсең, оны құмар ойындары арқылы еселеп қайтарып беремін» деген желі алаяғына алданғанын айтып, полиция бөлімшесіне арызданған.

Жәбірленуші әйелдің сөзінше, ол күдіктінің сөзіне сеніп, оған 1 млн. теңгедей ақша жіберген. Алайда біршама уақыттан соң күдікті телефонын көтермей, хабарсыз кеткен.

Аталған дерек ҚК 190-бабы, яғни «Алаяқтық» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді. Тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру жұмысының нәтижесінде күдіктінің жергілікті тұрғын екені анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді.

Қазір аталған дерекке байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің осы жайтқа дейін 19 тұрғыннан ақша алып, жалпы сомасы 8 000 000 теңге шығын келтіргені анықталды.

Аталған оқиғаға байланысты полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындарға жеке мәліметтерді ешкімге бермей, әлеуметтік желі арқылы таныс емес адамдарға ақша жібермеуге шақырды.

Диана Біржанова