Аудандардың дамуы мен проблемалары үнемі біздің назарда. Бұл жолы арнамыздың тілшілері Сайрам ауданында болды. Өңір көркейіп келеді, алайда шешілмеген мәселелер де жеткілікті.
Бұл саябақ аймағы. Жергілікті жастар жиналатын жердің құрылысына қанша қаражат бөлінгенін біле алмадық. Ауданда тазалыққа қатысты проблемалардың бар екенін әкімдік те растап отыр. Бірақ бірінші кезекте ауқымды мәселелерді шешуге басымдық бергенін алға тартады.
Сауалнама барысында тұрғындардың көпшілігі жергілікті шенеуніктерді сынға алмады. Дегенмен араларында проблемаларды ашып айта алғандар да табылды. Мұндағы ең өзекті мәселелер, жоғарыда атап кеткен тазалық пен ауыз судың жайы.
«Бізде қоқысты шығаруда күрделіктер бар. Осы мәселені әкімдіктегілер шешіп берсе екен. Әйтпесе, тұрмыс қалдықтары айлап жатады, көліктер алып кетпейді», дейді тұрғындардың бірі.
Аудандағы коммуналдық мәселелер біртіндеп шешіліп келеді. Мысалы, аудан орталығында Ақсукентте мамандар кәріз тазарту қондырғысын пайдалуға беруге дайындалуда. Алайда 900 млн. теңге жұмсалған жаңа жүйеге қатысты түйіткілді мәселелер де жоқ емес.
Шенеунік: «Ескі кәріз жүйесі бар. Жаңа құрылысқа келетін болсақ, онда мердігермен сот процесі жүргізілуде, мердігер компания барлық кемшіліктерді түзеткеннен кейін біз оны қосамыз».
Шенеуніктердің айтуынша, ауданның бірнеше елді мекендерді ауыз сумен қамтуда қиындықтар бар. Бірақ әкімдікте барлық мәселелер шешіледі деп сендірді. Дегенмен барлығын көрсетілген мерзімде жою мүмкін бе, ол да әлі анық емес!
Шынар Оразова