Сайрам ауданындағы тұтас бір ауыл инфрақұрылмнан жұрдай

105

Сайрам ауданында инфрақұрылымнан жұрдай тұтас бір ауыл бар. Қарасу ауылдық округіне қарасты Әйтеке би елді мекенінің жұрты өркениеттен әлдеқайда артта қалып қойғанбыз дейді.

150-ге жуық түтіні бар ауылдың қоныстанғанына 5 жылдың жүзі болса да, әкімдіктегілер мұндағы тұрғындардың жанайқайына мән бермеген.

Сайрам ауданындағы Әйтеки би ауылы шенеуніктердің назарынан мүлдем тыс қалған. Тұрғындар, елдімекенге инфрақұрылым жүргізіп беріңдер деп жауаптылардың есігін сан рет қаққанымен, тыңдайтын құлақ табылмапты. 14 гектар аумақта орналасқан ауылға кіре-беріс жол ойқы-шойқы. Жаңбыр жауғанда тұрғындар лай кешуге мәжбүр, ал балалар болса жолай құлап, кейде тіпті мүлдем мектепке барудан қалады екен.

Атқамінерлерден қайран болмаған соң, жұрт өзі амалдап үйлеріне жарық кіргізген. Бірақ оны бағаналар арқылы емес, кәдімгі жермен жүргізіпті. Өйткені, оны орнатып беруге әкімдіктегілердің қауқары жетпейтін көрінеді. Бәрінен бұрын ата-аналар балаларымыз жазымға ұшырай ма деп қорқады.

Жанат Ысқақова, Сайрам ауданының тұрғыны: «Жарық бағаналары жоқ қой, ешкім бермеген ғой. Бізге тоқ келуі қиын ғой, 5-6 үй бір жарыққа жармасып қалғанбыз. Өздерің сатып алыңдар деп айтты. Әкімді шақырғанда өздерің сатып алып, өздерің қойып алыңдар деп айтты»

. — Оның қанша бағасы?

— 50 000.

Мұнда ауыз су да шешімін таппаған өзекті мәселелердің бірі. Ақжағалылар тарапынан жіберілетін су әр үйдің ауласындағы бөшкелер мен цистернаға құйып алынады. Тіпті тез таусылып қала бергендіктен тұрғындар есік алдына шұңқырлау қып құдық та қазып алған. Бірақ, бұл суды ішу мүмкін емес екен. Сорақысы, сол татымсыз тіршілік көзін де тұрғындар сатып алып ішуге мәжбүр.

Нұржамал Рысқұлбекова, Сайрам ауданының тұрғыны: «Су таситын көлік шақырамыз. Суды қай жақтан алып жатқанын білмейміз. Мүмкін арықтан алып жатыр ма, келген кезде таза емес. Ыдыстарға құйып аламыз, қарасақ адамнан басқасының бәрі бар».

Түсірілім кезінде тұрғындар, ауданнан жауапты мамандардың келуін талап етті. Айтулы аймаққа жергілікті құрылыс бөлімінің басшысы келді. Бірақ тұрғындар ә дегеннен маманға ауыз аштыртпастан оны жерден алып, жерге салды. Айтуларынша, «бағананы сатып алыңдар, ұнамаса басқа жерге көшіп кетіңдер» деп айтқан осы шенеунік екен.

Ашынған халықтың алдына ұзамай ауыл әкімі мен аудан әкімінің орынбасары да жетті. Ашуға булыққан елдің оларға да айтары болды. Тұрғындар 2016 жылы осы 14 гектар аумаққа толықтай инфрақұрылым жүргізілсін деген әкімдік тарапынан берілген құжатты көрсеткенде мамандар жауап беруге сөз таппады.

«ЖКХ келіп айтты, ортаға бір су қойып беремін, ұрыспай-таласпай, өздерің ішіңдер деді. Жарықты мақұл бәрің ұрыспай ортадан ақша шығарыңдар да столбыны мына кісіден сатып алыңдар деді. Сіздерді біз сайласақ, бізге көмектеседі десек, ал неге енді айлық алып отырсыздар? Біз қалтамыздан ақша шығарып, столбыны сатып алсақ, суды тартып алсақ, сондай сіздер не істейсіздер?», деді ашынған жұрт шенеуніктерге.

Аудан әкімінің орынбасарымен қаумалаған қауым біршама уақыт айтысты. Соңында ауыл тұрғындары, өздері ішіп отырған суды келген маманға ішкізуге бел буды.

Сайрам ауданы әкімінің орынбасары, «14 гектар» деп аталып кеткен жерге инфрақұрылым жүргізілмеуінің себебін аталған аумақта жалпы көлемі 3,6 гектар ауыл шаруашылық жер телімдерін мемлекет мұқтажына қайтарылмауымен байланыстырады.

Шухратулла Азатұлы, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары: «Бірінші кезекте жерді мемлекетке қайтару керек, жерді мемлекетке қайтарғаннан кейін ол жерге инфрақұрылым жүйелері тартылады. Жердің егесі жерді қайтарудан бас тартқан. Оның өзінің құқығы бар жердің егесі болған соң. Ортада 2,4 га жер қалып кеткен. Сол жерді қайтарып одан бұл жерге жоба істелінеді».

Жиналғандар ымырт түскенге дейін шенеунікті ұстап, ертең-ақ электр бағанасын орнатып беремін деген уәдесін алды. Аудан әкімінің орынбасары бұл мәселені назарына алатынын айтты, бірақ тұрғындардың проблемасы нақты қашан шешімін табатынын айта алмады.

Әлихан Файызханов