Шымкентте тұтыну кооперативіне алдандық деген топ шу шығарды. Ешқандай пайызсыз үй мен көлік әперемін деген «Елім-ай-2019» ұйымына 150 — ге жуық тұрғын қомақты қаржы салған. Бірақ салымшылар, межеленген уақытта келісілген көлік пен пәтерді ала алмапты. Салымшылар бүгін филиалға келді.
Бұл жиналған топ «Елім-ай — 2019» ұйымының көмегімен пайызсыз баспана-көлік алуға ниетті болған. Салымшылар қатарында зейнеткер Жүнісбекова Күлзабира да бар. Ол қазіргі таңда «Елім-ай-2019» ұйымына 540 мың теңге салған. Ол аталған бағдарламаны әлеуметтік желідегі жарнамалардан көріпті.
Күлзабира Жүнісбекова: «Салымшы болғаныма 10 ай болып кетті. Ақшамыз не үй жоқ, келісімшартты өздері бұзды, біз басында аламыз деп сеніп тапсырдық. Менің мүгедек балам бар, үйде немерелерім бар, там аламын деп дәмеленіп тірнектеп жинадым. Сөйтіп салғанымда мінекей осындай болды».
Республика бойынша «Елім-айдың» мың жарым салымшысы бар, оның 100-ге жуығы оңтүстік халқы. Бүгінде жәбірленушіміз дегендер «Елім-ай-2019» ұйымынан қаржысын талап ету үшін ғимарат алдына жиналды. Дегенмен олар ұйым мүшелерін жұмыс орнынан таба алмады.
Роза Омарғазиева: «Үйге тұрғанмын мен 10 айдың ақшасын төлесін, 50 мыңнан мен 10 ай төледім. Төлегеннен кейін 2-ші жиналыс болғаннан кейін салымшыларға екінші нарықтағы үйлер берілмейді деді. Солай деген соң келісімді үздім. Содан кейін 3 айдың ішінде бізге бөліп бөліп төленеді деді бірақ төленген жоқ».
Ұйым үміткерлерге ай сайынғы қаржыны кешіктіріп төлеген уақытында баспана — көлік алу процесі ұзаққа созылатынын айтып, ескертулер жасаған. Сондықтан салымшылар барлық талапты дұрыс орындауға тырысқан.
Роза Омарғазиева: «Сол үшін біз өзіміздің қалтамыздан алып, бала-шағамыздың аузынан тартып, осы жерге біз ақшасын бердік».
Ашынған салымшылар маңдай термен тапқан ақшаларын алып, әлі күнге дейін уәдесін орындамаған «Елім-ай-2019» ұйымының үстінен арызданған. Олар алдағы уақытта мәселенің мән-жайын заң өкілдері анықтап берерінен үмітті.
Түсірілім барысында, «Елім-ай-2019» ұйымының өкілдерімен тілдесудің сәті түсті. Ұйым өкілі кейбір салымшылар ақшасын уақтылы төлемегеннен соң уақытша қиындықтар болып жатыр дейді.
Диана Біржанова