Шымкент: Қыс мезгіліне дайындық жұмыстары пысықталды

48

Шымкентте қыс мезгіліне дайындық жұмыстары жандануда. Аудан әкімдіктері мен коммуналдық қызмет мекемелері қардан тазартылатын көше және жаяу жүргіншілер жолдарының сызбасын жасап, жоспар дайындауда.

Қаз қатар тізілген мына қар күрейтін, қарды тиейтін, тайғақ жолдарға инертті материалдар себетін арнайы техникалар жұмысқа сақадай -сай . Қала әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов Шымкенттің алдағы қыс мезгіліне дайындығын пысықтады.

Шенеунік «ЛТД Тұрмыс» серіктестігінде болып, коммуналдық мекеме басшылары , Абай, Әл Фараби, Еңбекші ауданы әкімдерінің бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Үш аудандағы тазаланатын көшелердің сызбасына қатысты ұсынысын айтып,жауаптыларға тапсырма жүктеді.

Мәулен Айманбетов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Шалғайдағы көшелер қалып кетпеу керек және әлеуметтік нысандардың төңірегіндегі көшелер де қардан тазаланып, тайғақ болса құм тұз себілуі тиіс. Назарда болу керек».

Әкімдіктегілер былтырғы қыста орын алған кемшіліктер, биыл қайталанбайды деп сендірді. Ең бастысы жаяу жүргіншілер жолы қардан көше жолдарымен қатар тазартылатын болды. Мұны коммуналдық мекеменің жұмысшылары құптап отыр.

Мыңнан аса қызметкері бар «ЛТД Тұрмыс» серіктестігі қаладағы үш ауданда қызмет көрсетеді. Алдағы қыс мезгілінде шаһардың аумағында 280-дей арнайы техника жұмыс істейді.

Коммуналдық мекемелердің дайындығын алдағы қыс мезгілі айқындап береді.

Шынар Оразова