Шымкентте коронавирусты анықтауға арналған зертхана ашылды

61

Шымкентте коронавирустық инфекцияны диагностикалауға арналған зертханалық кешен ашылды. Жоба «Ұлттық сараптама орталығы» кәсіпорны мен Израильдік AID Genomics халықаралық геномдық компаниясы арасындағы Келісім шеңберінде жүзеге асып отыр.

Шымкенттік Ұлттық сараптама орталығында ашылған КОВИД-тестілеу кешені жылдам, дәл нәтиже береді. Заманауи зертханалық жабдық, тәулігіне 2500-ге дейін тест орындауға қабілетті, өнімділігі жоғары толық автоматтандырылған. Бұл жоба Қазақстанның Израильдегі елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

«Мұндай зертханалық кешен Орта Азия, Қазақстанда баламасы жоқ, Шымкентте алғаш рет ашылып отыр. Израильдік компания гуманитарлық қолдау көрсетіп бір жылға мамандарды үйретіп оның бөлшектеріне дейін әкеліп берді», дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.

Зертханамен қоса нәтижелерді қалыптастыру, процесті мониторингілеу және жеделдету үшін жасанды интеллект технологиясын пайдаланатын бағдарлама әзірленген. Бұл, өз кезегінде адами фактордың әсерін барынша азайтады және нәтижелердің дәлдігін қамтамасыз етеді.

«Қазақстандық Ұлттық сараптама орталығымен түзілген келісім бойынша зертханалық кешенді ашып отырмыз. Израильдік AID Genomics халықаралық геномдық компаниясы оның тиімділігі мен сапасына кепілдік береді», – дейді жобаны жүзеге асыру бөлімінің жетекшісі Акива Раппапорт.

КОВИД-19 зерттеу жабдықтары сараптама орталықтарының жұмысын оңтайландырады.

Шынар Оразова