Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы талқыланды

157

 

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресті жалғастыру қажет. Құзырлы агенттік жыл соңына дейін орта мерзімді кезеңдегі іс-қимылымыздың бағдарламасын айқындайтын стратегиялық құжатты бекітуге ұсынуы керек» деп атап өтті.

Осыған орай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жобасы ұсынылып, түрлі алаңдарда талқылануда.
Бүгін Шымкентте «Аntikor ortalyǵy» сервистік орталығында қоғам белсенділеріне аталған Тұжырымдама таныстырылып, талқылауға ұсынылды.

Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаевтың төрағалығымен өткен жиынға қоғам, бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік органдар, мәслихат депутаттары және ғылыми орта өкілдері мен ақпараттық-ағартушылық штабының мүшелері қатысты.

Талғар Серікбаев, заңнамалық өзгерістер мен жемқорлықпен күрестегі жаңа тәсілдерге, Концепцияның құрылымы мен негізгі бағыттарына тоқталды.
Тұжырымдама 6 бөліктен, яғни, парасатты мінез-құлыққа ынталандыру, жемқорлық мүмкіндіктерін жою, жауапкершіліктің сөзсіздігі, жемқорлыққа қарсы іс-қимылға азаматтық қоғамды тарту, жемқорлыққа қарсы саясат тиімділігінің мониторингі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет бойынша уәкілетті орган бөліктерінен тұратындығы қатысушылар назарына ұсынылды.

Шара барысында әр тармаққа кеңінен түсіндірме беріліп, күтілетін нәтижелер таныстырылды.

Жиында қатысушылар тарапынан бірқатар пікірлер мен ұсыныстар айтылып, жұмыс тобына жолданатын болады.

Айта кетейік, тұжырымдаманы әзірлеуде әрбір азамат www.adal.com.kz сайтына ұсыныстарды жолдау арқылы белсенділік таныта алады.