Тегін спорт үйірмелері жұмыс істеуде

214

Шымкентте балалар спорттық үйірмелерде тегін жаттыға алады. Ол үшін бар болғаны ата-аналар арнайы платформаға өтінім қалдырса жеткілікті. Қазірше бұл жүйеде қаладағы 37 спорттық ұйым тіркелген. Олар 4 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді спорттың 14 түрі бойынша жаттықтырады.

Бұл қаладағы «Нұрсәт» мөлтекауданында орналасқан мың балаға арналған заманауи спорт кешені. Мұнда балалар екі ауысым бойынша жаттығады. Бұл жерде жасөспірімдерді тек қаламызда ғана емес, бүкіл республикаға кеңінен танымал жаттықтырушылар тәлім береді. Орталыққа келген балалар спорттың каратэ, еркін күрес, дзюдо, таеквондо түрлерімен айналысады.

Ержан Бестереков, кәсіпкер: «Біз ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде ашылдық. Бүгінде біз 760 адамды жинадық. Әлі Kz-art sports порталында 50-ге жуық ата-ана кезекте тұр. Олар бізге құжаттар мен анықтамаларды алып келуі керек. Фотосурет, 027, 037 куәліктері мен туу туралы куәлік қажет».

Мегаполис тұрғыны, төрт баланың анасы — Индира Әжібекова балаларын осы спорттық кешенге алып келеді. Екі баласы бір жылдан бері Кекушикай каратэ түрімен айналысады. Оның айтуынша, бұл орталық туралы жаттықтырушыдан естіп келген. Ол бұрын секцияға қатысу үшін айына әр балаға кем дегенде 15 мың теңгеден төлеген екен.

Бұдан басқа, мұнда балалармен кәсіби спорт шеберлері жұмыс істейді. Олар балаларды алда болатын бәсекелерге дайындап жатқандығын айтты.

Мамандардың айтуынша, бұл жоба мемлекеттік болғандықтан әр балаға жеке қаржы қарастырылған. Шымкент қаласында жыл соңына дейін 4 096 балаға 339,8 млн. теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда 8 774 өтінім түсіп, 8 219 баланың ата-аналарымен келісімшарт жасалды. Сондай-ақ, түскен өтінімдермен қатар қосымша спорт түрін енгізу бойынша ұсыныстар түсуде.

Бауыржан Тұманбаев, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «Бұл жерде әр балаға 11 мың мен 16 мың теңгенің арасында. Өте ыңғайлы деп ойлаймын. Кейбір ата-аналар ақылы спорт түрімен балаларын айналыстырғысы келсе кішкене қаржылық қиыншылықтар болатын. Ал кәзіргі кезде мұның барлығын өкімет төлеп береді. Бір үйден бес баласына да тегін. Тек тренер таңдап сайтқа тіркелсе болды. Соған біз қадағалап отырамыз. Соған біз ақшаларын төлейміз».

Еске сала кетейік, платформаға қатысты барлық сұрақтарды  artsport@edu.kz электронды поштасына жіберуге болады. Жобаға өтінім берген кезде жеке куәлігіңіздің көшірмесі мен балаңыздың туу туралы куәлігін міндетті түрде жүктеу керек. Себебе бұл құжаттары жоқ өтінімдер қабылданбайды. Өтінімдерді қарастыру мерзімі 5 жұмыс күнін құрайды.

Айнұр Бекасанова