«Үздік педагог-2021» жеңімпаздары марапатталды

195

Шымкентте ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай «Үздік педагог – 2021» байқауының жеңімпаздары анықталды. 21 мұғалім «Үздік педагог-2021» атағына ие болып, арнайы сертификатпен және төсбелгімен марапатталды.

Шымкенттің үздік ұстаздары анықталды. 21 мұғалім «Үздік педагог – 2021» номинациясына ие болды. Оларға 300 АЕК көлемінде сертификат пен арнайы төсбелгі табысталды. Биылғы шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып, ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

Бақберген Дүйсебаев, Шымкент қаласы №80 мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі: «Педагогтар күніне орай қаламызда өтіп жатқан үлкен іс-шарада осындай құрметке ие болдым, қуаныштамын. Барлық ұйымдастыршыларға алғысымды білдіремін. Мұндай еңбекке жету оңай емес. Оқушыларымның ішінде әртүрлі жарыстардан жеңімпаздар көп. Барлық ұстаздарға сәттілік тілеймін. Ұстаздарды  мерекесімен құттықтаймын».

Мерейтойға орай білікті мамандар «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, 11 ұстазға «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Білім саласының ардагері» медальдары табысталды. «Іріктеу барысында ұстаздардың біліктілігі мен жеткен жетістіктері, еңбек өтілі басты назарға алынды» — дейді қалалық білім басқармасының басшысы.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Осы жиында бүгінгі күні Шымкент қаласының 21 ұстазы «Үздік педагог» номинациясына ие болған педагог Білім және Ғылым миниситрлігінің арнайы бұйрығына сәйкес шыққан 300 АЕК көлеміндегі сертификатқа ие болды. Бұл марапатқа ие болған ұстаздар жыл бойында балаларға берген білімі, жетістігі, авторлық бағдарламалары еңбек өтілі, жетістіктері зерделеніп, жүзден жүйрік болған ұстаздарымыз болып табылады».

Жеңімпаздар арасында тек мектеп оқытушылары ғана емес, жоғары оқу орны мен балабақша мұғалімдері де бар. Қалалық байқауға жалпы саны 75 ұстаз қатысқан. Жеңімпаз деп танылған 21 мұғалім аталған сайыста бірнеше кезеңдерден өтіп, үздік деп танылып отыр.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Құрметті ұстаздар, бүгінгі шараға қатысушылар, баршаңызды құттықтаймын! Ұстаздар күні ерекше күн! Баршаңызды ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге бас иіп, алғыс айтамын».

Естеріңізге сала кетейік, «Үздік педагог – 2021» республикалық байқауы 29 қазан күні Қостанай қаласында өткен болатын. Қалалық байқаудан суырылып шыққан Шымкенттік 3 мұғалім, республикалық деңгейде топ жарып, жылдың 64 үздік педагогтері қатарына енді.

Гүлдана Дәурен