Жүк көлігін жүргізушілер наразылық білдірді

98
фото 24.кз

Түркістанда жүк көлігінің жүргізушілері ереуілге шықты. Олар күнделікті қатынап жүрген жолдың ақылы болуына қарсы. Айтуларынша, бүгіннен бастап ауыр көліктер жүрген әр шақырымына 25 пен 37 теңге аралығында ақша төлеуі тиіс екен. Онсыз да дизель тапшылығы мен қымбатшылығынан титықтап біттік деген олар жолақысын түсіруді талап етуде.

Жүрейін десе жанар май таппай, бірнеше күннен бері жіпсіз байланған жүргізушілердің өкпесі қара қазандай. Бір апта бұрын литрін 180 теңгеден құйып жүрген дизелі отыны 230 теңгеге бірақ қымбаттаған. Бірақ соның өзін табу мұңға айналыпты. Өйткені дизель шетелдік көліктерге шектеусіз, ал бізге белгілі бір өлшеммен ғана сатылып жатыр дейді жиналғандар.

Әмірхан Назарбаев, жүк көлігінің жүргізушісі: «Тоқтап тұрмыз, не істейміз енді? Бір апта болды. Солярка таппай. 50 литрден артық бермейді. Жанармай құю бекетіне барсаң 3-4 сағат тұрасың құю үшін. Онда алатының 50 литр».

Толық қолданысқа бірер жыл бұрын берілгенде бөркімізді аспанға атып қуанып едік деген жүргізушілер Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық тас жолы да енді қалтаға жүк болғанын айтады. Ауыр көлік жүргізушілеріне 1-ші қазаннан бастап, әр шақырымына кем дегенде 25 теңгеден төлейсіңдер деп ескертіпті. Әр рейсте мыңдаған шақырым жүретін олар енді ақылы жолдың кесірінен елдегі барлық азық-түлік пен өзге де тауар құны қымбаттайды деп отыр.

Ақжан Сағынтаев, жүк көлігінің жүргізушісі: «Жол ақысын бүгіннен бастап ақылы қылып жатыр. Өйткені, жол ақысы бізді көтермейді. Біз түбегейлі алып таста деп жатқан жоқпыз. 3 теңгемен 5 теңге арасында қойса болды шақырымын.  Қазір, 25 пен 37 теңге арасында боп тұр. +Бұл енді халықтың  қалтасына ұрады. Өйткені бізге ертең халық біздің жүруіміз үшін үлкен сумма төлеуі керек. Барған жерге тауарыңыз қымбат боп барады. Картошкаңыз қазір 150-ден боп жатса, енді 250-300-ге көтеріледі».

Ал, елдегі жолдарға жауапты «Қазавтожол» мекемесі болса қазір тағы әр шақырымы ақылы болатын 7 учаскені қосып жатқанын айтады. Олар Шучинск-Көкшетау, Нұр-Сұлтан-Павлодар, Қайнар-Тараз, Тараз-Шымкент, Шымкент-Қызылорда мен Шымкент –Ташкент бағытындағы бірінші санаттағы жолдар болмақ. Бірақ, ақы жүргізушілер айтқандай бүгіннен бастап емес тек бір айдан кейін алынады деп отыр.

Диас Ахметшәріп, «ҚазАвтоЖол» АҚ ресми өкілі: «34 камера 7 учаскеде болады. 1-ші қарашадан бастап өндіріске енгіземіз. Яғни, ақы алына бастайды. Бұл учаскедегі тарифтер 2013 жылғы енгізілген тарифтерден ауытқымайды. Еш өзгермейді. Яғни, жеңіл көлік үшін 1 шақырымға 1 теңге көлемінде болса, ауыр жүк көліктері үшін салмағына байланысты 5 теңгеден 25 теңге аралығында болады».

Ал, тасжол бойында шлагбаумдар болмайды екен. Тек, бағаналарға ілінген камералар арқылы ғана бақыланып, жүргеніңе қарай құн сұрайды. Әзірге бір ай тестілік режимде жұмыс істемек.

Бек Әбиев