«Жұлдызай-Асыл бала» байқауының жеңімпаздары марапатталды

190

Шымкентте «Жұлдызай-Асыл бала» республикалық онлайн-байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Дарынды балалар, оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балалар «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» тақырыбында өз шығармашылықтарын көрсетті. Сондай-ақ, шара Қазақстан Республикасы мүгедектер күніне орайластырылды. Ұйымдастырушы «Асыл бала» ассоциациясы. Шара «Инклюзивті қоғам құру мен дамытуға бағытталған жастар бастамаларын қолдау» жобасы аясында өтті.

«Жұлдызай» байқауындағы «Би шығармашылығы» номинациясының жеңімпазы тараздық  Руслан Шыңғысбай мерекеге анасымен бірге келді. 14 жастағы жеткіншек  еңбегін білікті қазылар алқасы жоғары бағалағанына қуанышты.

Руслан Шыңғысбай, «Жұлдызай» байқауының жеңімпазы: «Рахмет, үлкен рахмет. Осындай  байқаулар жиі ұйымдастырылып тұрса екен».

Осыдан бір ай бұрын басталған «Жұлдызай-Асыл бала» республикалық онлайн байқауының жеңімпаздары Шымкенттегі оқушылар сарайында  марапатталды. Іс-шара ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған. Және мүгедектер күніне орайластырылған. Ұйымдастырушылар – «Асыл бала» ассоциациясы.

Жанна Дүйсенқызы, Шымкент қаласының әдістемелік орталығындағы инклюзивті білім беру бөлімінің бастығы: «Қазақстанның 30 жылдығына орай өтіп жатқан осындай тамаша мереке үшін республикалық «Асыл бала» қорына және ең алдымен біздің балаларымызға мың алғыс, олар ерекше балалар, дарындылығымен ерекшеленеді, Егерде тұрақты түрде олардың таланты жетілдірілсе, олар өздерін әр қырынан ашуға мүмкіндік алады».

Байқаудың қорытындысы бойынша қазылар алқасы 17 жеңімпазды вокал, би, аспаптық, театрландырылған және бейнелеу шығармашылығы номинациялары бойынша марапаттады. Ұйымдастырушылар атап өткендей, ең бастысы – жеңіс емес, қатысу. Әрбір бала дарынды. Жүлдегерлерден бөлек, «Асыл бала» барлық қатысушыларды алғыс хаттармен марапаттады

Гүлнара Үсенова, «Асыл бала» республикалық ассоциациясының Шымкент қаласы бойынша филиал директоры: «Біз байқауға қатысқан барлық балаларға алғыс хаттарын жібереміз. Өйткені онлайн өткен республикалық байқауға еліміздің өңірлерінен көптеген балалар қатысты. Балалардың барлығы тең. Оларды бөліп жаруға болмайды. Олардың барлығы талантты. Біз оларға әрқашан қолдау көрсетуіміз керек. Балалардың бақытты өмірі үшін мемлекетімізге алғысымыз шексіз, өйткені балалар біздің болашағымыз, сондықтан олардың келешегі үшін барлық жағдай жасауымыз керек».

Мерекелік шара «Инклюзивті қоғам құру мен дамытуға бағытталған жастар бастамаларын қолдау» жобасы аясында өтті.

Шынар Оразова