«Журналистердің әлеуметтік жағдайын көтеру керек»

122
фото информ.кз

ҚР Парламент Сенатының отырысында депутат Нұртөре Жүсіп Журналист мәртебесі туралы арнайы заң қабылдауды ұсынып, Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдады. Оның сөзінше, журналистің қоғамдағы орны заң жүзінде көрсетілмеген. Сондай-ақ, сенатор мемлекеттілік ісіне тікелей қызмет етіп отырған Бақ өкілдеріне полиция қызметкеріне жасалғандай жағдай неге жасалмайтынын сұрады.

«Журналистердің әлеуметтік жағдайын көтеру керек». Осылай деген сенатор Нұртөре Жүсіп Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдап, журналист мәртебесі туралы заң қабылдауды ұсынды. Депутаттың айтуынша, БАҚ туралы заңда және Еңбек кодексінде тілшілердің міндеті мен құқықтары қарастырылғанымен, мәртебесі мен кепілдігі туралы мәселе қозғалмаған.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Сенат депутаты: «Отандық масс-медиа Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының пәрменді құралы болуы тиіс. Журналситерге сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді. Ақпарат саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспарын жаңадан жасау қажет. БАҚ-тың ықпалынсыз қоғамды демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан журналистерді арнайы әлеуметтік мәртебе арқылы қолдауды ұсынамыз. Ол үшін Журналист мәртебесі туралы арнайы заң қабылдау қажет деп ойлаймын».

Журналист Бахрам Талибжанов пандемия кезінде журналистер дәрігерлермен, полиция қызметкерлерімен және құтқарушылармен тең дәрежеде еңбек еткенін айтады. Бірақ сол үшін қосымша төлемдер мен әлеуметтік көмек алмадық деп ашынады.

Бахрам Талибжанов, журналист: «Мен бұл бастаманы дұрыс деп ойлаймын. Осы бір тақырыпты әлдеқашан көтеру керек еді. Біз көп жағдайда ақпарат көзі үшін қиындыққа тап боламыз, оның үстіне тілшілердің баспана тұрғысынан да мәселелер туындайды. Әсіресе, енді қадам басып келе жатқан жас журналистер қиналады. Біздің жұмыс ауыр әрі қауіпке толы, кейде басыңды қатерге тігуге тура келеді».

Сондай-ақ, журналисттер тұрғын үй алуға өтініш бере алмайды, себебі олар не мемлекеттік, не азаматтық қызметші емес, не кәсіпкер санатында жоқ белгісіз тұлға. Яғни санда бар, санатта жоқ.

Абылайхан Балықбаев, Шымкент қаласы тұрғын үй басқарма басшысының орынбасары: «Тұрғын үй қатынастар заң аясында журналистерге санат көзделмеген, алайда бар категорияларға жататын журналистер болуы мүмкін. Оның ішінде, көпбалалы болсын, толық емес отбасы немесе мүгедектігі бар журналистер болса онда олар бізде кезекке тұра алады. Сонымен қатар, жеңілдетілген несиелендіру бағдарламадарында арнайы журналистерге деген жоқ. Бірақ, қазіргі таңдағы бағдарламалардың талаптарына сай келген «7-20-25″ немесе жұмыс істейтін жастарға 29-ға толмаған журналистер болса, олар қатыса алады».

Қазіргі таңда елімізде 5 мыңға жуық журналист бар. Бірақ олардың құқықтары мен мәртебесі өзге елдердегідей емес. Мәселен, Ресейде журналистердің кәсіби міндетіне кедергі келтіргендер және оларға шабуыл жасағандар 6 жылға дейін түрмеге қамалатын арнайы бап та енгізілген. Үкіметтің басқа да мемлекеттік қызметкерлерге жасап жатқан жағдайы мен әлеуметтік көмегі БАҚ өкілдеріне көрсетіле ме әлде жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз.

Әлихан Файзханов