Экономика министрі: «Кәсіпкерлерді артық тексерістен босату қажет»

23

«Қосымша тексерістерге жол жоқ». Елімізде кәсіпкерлерге қойылатын талаптар тізімі дайындалады. Бұл туралы Мәжіліс отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, бұдан былай бизнес-нысандар нақты заңды бұзу дерегі тіркелген кезде ғана тексеріледі екен.

Әсет Ерғалиев, ҚР Ұлттық экономика министрі: «Аталған тізім бизнеске қойылатын міндетті талаптарды толық қамтиды. Яғни, тізім бойынша толық мәліметтер болады. Сонымен бірге, осы немесе басқа талап қайта қаралатын, жойылатын нақты күндері көрсетіледі. Аталған тізім «Әділет» ақпараттық жүйесінің базасында құрылады. Сонымен қатар тізімге техникалық қолдауды осы бағытта тәжірибесі бар Әділет министрлігі жанындағы Заңнама институты қамтамасыз етеді».

Жаңа қағида кәсіп иелерінің жүктемесін азайтуға және артық шығындардың жойылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жаңа заң жобасына сәйкес цифрландыруға басымдық берілмек. Бұл ең алдымен кәсібін дөңгелетіп жүрген азаматтарды қағазбастылықтан арылтады дейді министр.

Сондай-ақ, БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген экономика министрі жаңа жылға қарай азық-түлік бағасы қымбаттайтынын жеткізді. Өйткені, маусымдық құбылу байқалады, желтоқсанда әдетте бәрі жаңа жылға дайындалатындықтан азық-түлік өнімінің құны өсуі мүмкін дейді ол.

Сонымен қатар, Ерғалиевтің айтуынша үкімет экономикадағы инфляциялық процестерді тежеу үшін шаралар кешенін қабылдаған. Әр өңірде бағаны мониторингілеу жұмысы да қарқынды жүргізіліп жатыр екен.