Қаладағы Ич 167/10 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан 170-тен аса азамат бар. Олардың басым бөлігі алаяқтық пен ұрлық жасағаны үшін түрмеге жабылған. Ал баласын 60 мың теңгеге саудалаған ана кінасын бірден түсініп полицияға өзі арыз жазыпты. 7 жылға бас бостандығынан айырылған азаматшаның бүгінгі арманы қандай? Қазір немен айналысады?
37 жастағы бұл азаматша баласын саудалағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Атын атап, түрін көрсетуден бас тартқан Камиланың айтуынша, баласының әкесі жүкті кезінде тастап кеткен. Ал жоқшылықтан қиындық көрген ол 9 ай құрсағында көтерген перзентін өзге жандарға табыстайды. Бірақ, өз күнкөрісіне де ақша таппаған соң амалсыз 60 мың теңге сұраған. Ал мұндай шешімді құрбысының кеңесімен қабылдаған көрінеді.
Сотты болған азаматша: «Мен ақшадан қатты қиналдым. Ал жақын құрбым осындай ұсыныс айтты. Яғни, баланы мұқтаж жандарға берейік деді. Баламның жаңа ата-анасы табылды. Бірақ, менде баламды сатамын деген ой болмады. Тек маған ақша керек болған соң 60 мың теңге сұрадым. Ал одан кейін мен өз қатемді түсініп бірден полицияға арыз жаздым. Қазір міне жазамды өтеп жатқаныма шамамен 6 жарым жыл болды. Ал құрбым сол күйі жоқ болды».
Өз қателігін жақсы түсінетін ақтөбелік азаматша бұл ісіне қатты өкінетінін айтады. Әрі жастарды мұндай қадамға бармауға шақырды. Сұқбат барысында көзіне жас алған ана бүгінде балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан перзентін сағынғанын жеткізді. Айтуынша баласын тек босанған күні ғана көрген.
Сотты болған азаматша: «Баламды қатты сағындым. Тек оның балалар үйінде екенін ғана білемін. Бұған дейін бірде-бір рет байланысқан жоқпын. Әрине мен үлкен қателік жасадым. Қазір сол шалыс басқанымның жазасын өтеудемін. Өте ауыр. Бірақ бұл басқа жас қыздарға сабақ болса екен деймін. Қыздар мұндай қателік жасамаңыздаршы. Қандай жағдай болмасын балаларыңызды ақшаға айырбастамаңыздар дегім келеді».
Бүгінде Шымкенттегі Ич 167/10 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматша бос уақытында кітап оқумен айналысады екен. Сондай-ақ, жоғары білімі бар ол жұмыс істейді. Мекеме басшысының сөзінше мұнда сотты болған 170-тен аса азаматқа бар жағдай жасалған. Аптасына бір рет қалаға шығуына, ал айына бір туысқандарымен кездесуіне мүмкіндік қарастырылған дейді. Сонымен қатар, олардың барлығы жұмыспен қамтылған.
Данияр Баятанов, мекеме басшысының міндетін атқарушы: «Сотталғандар азанғы уақытта шығып қалада жұмыс жасап, сол кешкі уақытта осында қайтып келеді. Мебель цехы, тігін цехы, құрылыс компаниялары да бізден алады 5 сотталғаннан жоғары. Мекеме қызметкерімен бірге барып, кешке солармен бірге қайтады».
Айта кетейік, Ич 167/10 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқандардың басым бөлігі алаяқтық пен ұрлық жасағаны үшін темір торға тоғытылған. Олардың арасындағы ең көп жаза өтеу мерзімі 10 жыл екен.
Мөлдір Ибадуллаева