Базарда заңмен тыйым салынған қытай ауын сатқан азаматқа айыппұл салынды

103

Табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтарды анықтау және жолын кесуге және экологиялық құқықбұзушылықтарды ашу мақсатында ағымдағы жылдың 20-қазан мен 20-қараша аралығында “Браконьер” жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді.

Іс-шара нәтижесінде: 2 заңсыз аңшылық жайты (Бадам су қоймасында үйрек атушылар) анықталып, 1 тұлғаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы 1-бөлігімен (Қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi жоқ, жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және (немесе) аң аулау қағидаларын бұзу) айыппұл салынды.

Заңсыз балық аулау дерегінің 1 жайты Бадам өзені жағасында анықталып, азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 1-бөлігімен (Балық аулау қағидаларын, сондай-ақ балық ресурстары мен басқа да су жануарларын пайдаланудың басқа да түрлерiн жүзеге асыру қағидаларын қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi жоқ бұзушылық) айыппұл салынды.

Аңшы қаруын тасымалдау, алып жүру қағидаларын бұзғаны үшін 21 тұлғаға қатысты әкімшілік шара көрілді. Базарда заңмен тыйым салынған қытай ауын сатқан 1 тұлғаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабымен (Тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау) айыппұл салынды.

Сонымен қатар Арыс қаласынан заңсыз 113 кг балық тасымалдаған тұлға ұсталып, шара көру үшін балық инспекциясына жолданған.

Өз кезегінде тәртіп сақшылары аң, балық аулау және ағаштар мен бұталарды кесу талаптарын бұзу, қоршаған ортаға елеулі зиян келтіру әрекеттері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкеліп соқтыратыны туралы ескертеді.